Мұражайға Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің және А.Довженко атындағы күміс медаль иегерінің фотосуреттері мен барлық жұмыстары қойылған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жәдігерлер арасында әйгілі кино саңлағының тұтынған заттары мен киімдері де бар.
Мәжит Сапарғалиұлы Бегалин 1922 жылы 22 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Дегелең ауылында өмірге келген. 1978 жылы 5 мамырда Алматыда 56 жасында дүниеден озды. Әйгілі кино режиссер, сценарист, актер М. Бегалин көзі тірі болғанда бүгін 90 жасқа толар еді. Атақты қазақ жазушысы Сапарғали Бегалин мен актриса Людмила Иванованың отбасында өмірге келген ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. 1948 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының режиссерлік факультетін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс жасайды.
Онда өз замандастары туралы «Бұл шұғылада болған еді» (1955), «Жерге қайта оралу» (1959), «Тұлпардың ізі» (1964) көркем фильмдерін түсірді. Сондай-ақ, 1957 Ш.Уәлиханов туралы «Оның күні туады» (1957), Б.Момышұлы жайында «Артымызда Мәскеу» деп аталатын сценарийлердің авторы. Ерен еңбегімен 1967-1968 жылдары қазіргі Бішкек қаласында өткен Орталық Азия мен Қазақстан кино өнері байқауының бас жүлдесі мен 1-дәрежелі дипломын иеленді. М.Мәметова туралы «Мәншүк туралы балладасы» 1969-1970 жылдары Минск қаласында өткен Бүкілодақтық кинобәйгеде КСРО Қорғаныс минстрлігінің бас жүлдесімен марапатталды.