Оның айтуынша, ол ұлтты біріктіру жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын емес.
Полгар бұл туралы Facebook-тегі парақшасында елдің премьер-министрі Петер Мадьяр өзін елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға кандидат ретінде ұсынғаннан кейін мәлімдеді.
– Мені республика президенті қызметіне ұсыну бастамасын өмірімдегі ең үлкен құрмет деп санаймын. Бұл үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, – деп жазды Полгар.
Мәлімдеме жарияланғаннан кейін Мажарстан үкіметінің басшысы шахматшыға елдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оның Мажарстанға басқа қызметте де пайдасын тигізеді деген үміт білдірді.
Полгардың кандидатурасын ұсыну бастамасын парламенттегі «Тиса» партиясының фракциясы қолдады. Сонымен бірге қоғамның бір бөлігі бұл ұсыныстың кең қоғамдық талқылаусыз жарияланғанына назар аударды.
Еске сала кетсек, 20 шілдеден бастап президент Тамаш Шуйоктың өкілеттігі тоқтатылды. Ол оның алдында ғана өзінің қызметінен кетуге мүмкіндік беретін түзетуге қол қойған-ды.
Ал жаңа мемлекет басшысы сайланғанға дейін президент міндетін парламент төрағасы Агнеш Форстхоффер атқарады. Заңнамаға сәйкес, парламент 30 күн ішінде жаңа президентті сайлауы тиіс.
Бұған дейін «Тиса» партиясының өкілдері президентті тікелей сайлау жүйесін енгізуді қолдайтындарын мәлімдеген еді. Осыған байланысты келесі мемлекет басшысы Венгрияның жаңа Конституциясы қабылданғанға дейінгі өтпелі кезеңде қызмет етуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды.