Әлеуметтік төлемдер түпсіз құрдым сияқты - депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында мемлекеттің әлеуметтік салаға басымдық беретін саясатын сынады.

Фото: видеодан алынған кадр

«Мысалы, Қорғаныс министрлігі немесе шекара қызметі (Үкіметтен — ред) 100 млрд теңге сұрады дейік. Оларға жартысын ғана береді. Оның өзі жыл бойында бірнеше рет кесіледі. Яғни, сұрағаны — 100 млрд теңге болса, алатыны — 20-25 млрд теңге. Оны дамуға жұмсай алмайды. Бұл — тек күнделікті өмір сүруге ғана жететін ақша», — деді ол.

Депутат әлеуметтік салаға ақша бөле берсе, оның шет-шегі болмайды деп есептейді.

«Ал біздің бюджетімізді қараңызшы, 60 пайызы әлеуметтік мәселелерге жұмсалады. Көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге, жұмыссыздарға кетеді. Бұл түпсіз құрдым сияқты. Бұл салаларға ақшаны қанша болса да бере беруге болады», — деді Айгүл Құспан.