Бейнежазба авторының айтуынша, ол аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барып, бюджет қаражатының нақты қандай мақсатқа және қалай жұмсалатынын сұраған. Сондай-ақ мердігер, сметалық құжаттар, орындалған жұмыстар мен қабылдау актілері туралы ақпарат сұрап, мемлекеттік орган өкілдерінен нақты жауап ала алмағанын жеткізген.
Осыған байланысты Түлкібас ауданы әкімдігі желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі таңда мемлекеттік айыптұрақ пайдалануға берілгенге дейін көлік құралдарын уақытша орналастыру және сақтау «Тұраркент су» МКК аумағында ұйымдастырылған.
Айыптұрақ мәселесін шешу мақсатында Майлыкент ауылдық округі аумағынан жалпы алаңы 1,25 гектар жер учаскесі бөлінген. Аталған жер телімі аудан әкімінің 2026 жылғы 24 маусымдағы қаулысына сәйкес Түлкібас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Түлкібас көрікті ел» КММ-не тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген.
— Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылында айыптұрақ салуға арналған 47,2 млн теңгенің сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2026 жылғы 13 мамырда мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды. Оның қорытындысы бойынша «Qanatty Adam» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, 11 маусымда 40,4 млн теңгеге келісімшарт жасалды, — делінген аудан әкімдігі ұсынған мәліметте.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта мердігер айыптұрақтың құрылысын жүргізіп жатыр. Нысанның құрылысы аяқталмағандықтан, ол қабылданбаған.
— Нысан бойынша қаражат игерілмеген. Жоба 2027 жылға өтпелі нысан ретінде жоспарланған, — делінген ведомство жауабында.
Бұған дейін Алматыда тағы 8 мың автотұрақ орны ақылы болатынын хабарлаған едік.