Айка фильмі «Оскар» үміткерлерінің қатарынан шығып қалды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Айка» фильмі «Оскар» үміткерлерінің ақырғы тізіміне енбей қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат киножүлденің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Үздік шетелдік фильм» номинациясындағы ақырғы тізімге бес фильм енді. Олар: мексикалық «Рома» (режиссері Альфонсо Куарон), польшалық «Қырғи-қабақ соғыс» (Павел Павликовский), жапониялық «Дүкен ұрылары» (Хирокадзу Корээда), ливандық «Капернаум» (Надин Лабаки) және германиялық Флориан Хенкель фон Доннерсмарк түсірген «Авторлығы жоқ жұмыс» фильмдері.

Жеңімпаздар 24 ақпанында «Оскар» сыйлығын табыстаудың 91-ші рәсімінде анықталады. Үздіктерді марапаттау Лос-Анджелес қаласының Dolby театрында өтеді.

Бұған дейін «Айка» фильмінің «Оскар» киносыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» категориясындағы тоғыз картинадан тұратын қысқа тізімге енгенін хабарлаған едік.

«Айка» фильмінің сюжеті - Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасы, оның ішкі адами өсуі, аналық сезімі. Басты рөлді қазақстандық актриса Самал Еслямова сомдаған. Ол 71-ші Канн кинофестивалінің үздік актрисасы деп танылды.

Соңғы жаңалықтар