Айқын Төлепберген мен Бейбіт Қорғанның әндері Қытайда шырқалды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Қытайдың бас кеден басқармасы Жаңа жыл мен Қытай кеден атташесінің 10 жылдығына арналған қабылдау өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

Шараға ҚХР-да аккредиттелген әлемнің 32 елінің кеден атташелері қатысты.

Салтанатты кеште қазақстандық кеденшілер - Қытайдағы ҚР Елшілігінің қызметкерлері Әнуар Елгелдиев пен Аслан Әбенов және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистранты Индира Рафикова домбырамен «Ақ бұлақ» және «Менің Қазақстаным» әндерін шырқады. Олардың ұлттық киімі мен ерекше әндері келушілердің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, жаңажылдық қабылдауға Франция, Бельгия және Қытай өкілдері өнер көрсетті. Кеш бойы қонақтар қазақстандық әншілер Айқын Төлепберген («Жалғыз сен», «Пах-пах», «Тұмарым») мен Бейбіт Қорғанның («Шоқ қыздар») әндеріне биледі.

Қытайдың бас кеден басқармасы халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Чжао Жуся «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне өз әсері туралы айтып берді.

«Қазақстандық кеденшілердің қойылымдары өте қызықты әрі әсем болды. Біз Сіздердің халықтарыңыздың дәстүрлі мәдениетімен танстық. Маған барлығы ұнады: ән, ұлттық костюм және домбыраның үні», - деді ол.

Оның айтуынша, Қытайдың бас кеден басқармасы қазақстандық кеден қызметімен ынтымақтастықты жоғары бағалайды.

«Қазақстан мен Қытай кеден органдарының өзара қарым-қатынасы ҚХР-дың өзге елдермен ынтымақтастығы арасынан ерекшеленіп тұрады. Кедендік процедураларды жеңілдетуде, техникалық сала және қауіпсіздікпен қамтамасыз етудегі серіктестігіміз екі ел арасындағы сауданың дамуына септігін тигізеді. Қазақстандық кеденшілер Қытай кедендік атташесінің негізін қалаушылардың бірі және оның жұмысына орасан үлес қосып келеді», - деп атап өтті Чжао Жуся.

Еске сала кетсек, Қытайдағы кеденшілер атташесінің клубы 2008 жылдың маусым айында ҚХР бас кеден басқармасының бастамасымен құрылған. Қазіргі уақытта клуб әлемнің 32 елінен келген 50-ден астам кедендік атташелерді біріктіреді.