Аймағамбетов дәрі-дәрмек ғылымы туралы: кейінгі кезде QazVac-тан басқа ештеңе шыққан жоқ

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM —  Дәрі-дәрмек саласында клиникалық зерттеулер өте аз. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

- Осы саладағы ғылымға тоқталсақ, соңғы уақытта QazVac-тан басқа ештеңе шыққан жоқ деуге болады. Клиникалық зерттеулер өте аз. Кейінгі 10 жылда тек 2 препарат шығарылған, олардың бірі – «йод және калий йодиді». Бұны әзірлеуге 4,6 млрд теңге жұмсалған, бірақ ол тіпті формулярға да енгізілмеген, яғни қолданылмайды, - деді А.Аймағамбетов палата отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, НАЦЭЛС-тің (Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы) клиникалық зерттеулерді бекіту үшін деңгейі жеткіліксіз.

- Сондықтан клиникалық зерттеулерді толығымен жүргізе алмаймыз. Арнайы ғылыми гранттар да жоқ. Коммерцияландыру және жеке инвестиция туралы айтуға келмейді, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.

Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды.