Аймақ ұстаздары Қазақстандағы жалпыұлттық бірлік туралы семинар-тренингке қатысуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстан келген мұғалімдер бүгін елордадағы Тұңғыш Президент кітапханасында ұйымдастырылған "Қазақстандық біртектілік жəне жалпыұлттық бірлік" атты семинар-тренингке жиналды. Ұстаздар "Əлемді өзгертетін идеялар" интерактивті білім беру орталығының жұмысымен танысып, ұлтаралық қатынастардың қазақстандық үлгісі туралы өзара пікір алмаспақ.

"Білім жəне ғылым министрлігі өткен оқу жылынан бері Тұңғыш Президент кітапханасымен өзара қарым-қатынас орнатып келеді. Ал биыл кітапханамен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деген жоспар бар. Былтыр жалпы орта мектептердің жас ұстаздарымен онлайн-режимде бірнеше семинар-тренингтер өткізген болатынбыз. Ал, биылғы оқу жылында алғаш рет аймақ-аймақтан ұстаздарды шақырып, семинар-тренинг өткізіп отырмыз. Бүгін Алматы жəне Астана қалаларынан бір-бір ұстаз, өңірлерден бір-бір ұстаз, барлығы он алты мұғалім жиналып отыр. Этностар арасындағы толеранттылық, оқушыларды патриоттыққа баулу, тəрбиемен ұштастыра отырып тарихи терең білім беру бойынша бүгін үйренгенін енді осы ұстаздар өз өңірлерінде таратады деген сенімдемін. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, биыл белестер жылы. Бүгінгі семинар аясында сол белестер - Ата заңымыздың 20 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы, Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы да пікір алмасулар болады", - дейді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі жəне орта білім жəне ақпараттық технологиялар департаменті тəрбие жұмысы жəне қосымша білім беру басқармасының басшысы Бағым Көптілеуова.

Семинар-тренингте Қазақстар халқы Ассамблеясының мүшесі Анатолий Башмаков "Жастар арасында этномəдени толеранттылықты қалыптастыру - Қазақстандағы мемлекеттік этносаясаттың маңызды міндеті" тақырыбында баяндама жасаса, Назарбаев зияткерлік мектептері Білім беру бағдарламалары орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Əсет Омаров аймақтардан келген ұстаздарға практикалық сабақтар өткізуде.