– Біздің аймақта бес мемлекет және Орталық Азияның су ресурстарын пайдалануға құқылы Ауғанстан орналасқан. Бұл ретте бәрімізге ортақ бір мәселе бар – ол су тапшылығы. Бірінші кезекте оған жоғары ауа температурасы теріс әсер етіп жатыр. Кейінгі 100 жылда климат +1,5С° өзгерді. Бұл адамзат үшін қауіпті меже емес. Дегенмен ол мұздықтардың еруіне, су ресурстарының кемуіне, жауын-шашын түсімінің азаюына алып келіп жатыр. Сәйесінше, тұрақты негізде өнімін алу үшін бүкіл Орталық Азия аймағында жасанды жолмен суару әдістерін енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, бүгінде Өзбекстанда 4,3 млн гектар суармалы алқап бар. Ал біздің ел жылына 51-53 млрд текше метр су пайдаланады. Осы көлемнің шамамен 91%-ы ауыл шаруашылығы саласына бағытталады, – деді сарапшы.
Илхом Бегматовтың айиуынша, Өзбекстанда суармалы жерлердің 53 пайызына тіршілік нәрі сорғы станцияларының көмегімен жеткізіледі. Бұл өз кезегінде құрылғылардың жұмысына жұмсалатын энергия шығындарын арттырады.
– Сонымен қатар кең ауқымда шешілуі керек тағы бір маңызды мәселе – ол жердің сортаңдануы. Өзбекстанда суармалы алқаптардың шамамен 46 пайызында түрлі дәрежеде тұздану үдерісі байқалады. Сондықтан қазіргі уақытта Орталық Азия елдері су тапшылығы мәселесін шешу үшін тек жеке қызығушылыққа негізделген көзқарастан ойысып, ортақ мүддеге жұмылуы қажет, – деп есептейді Илхом Бегматов.
Ол Water week халықаралық форумы осы бағыттағы тиімді ұсыныстарды талқылайтын таптырмас алаң екенін атап өтті. Сарапшының пайымынша, шаруалар ысырапқа жол бермесе, онда жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады.
– Біз бүгінгі жағдайға бейімделуіміз керек. Су жылдан жылға көбеймейді. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері сындарлы саясат жүргізіп, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша бірлесе жұмыс атқарғаны маңызды, – деп түйіндеді профессор Илхом Бегматов.
Еске салайық, Water week форумында сөз сөйлеген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстан су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясатты үнемі жетілдіріп жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ ол Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзеніне суды есепке алатын құрылғыларды орнатып жатқанын мәлім етті.
Мұнымен бірге министр биыл сәуірде елордада өтетін Өңірлік экологиялық саммитінде Астана декларациясы қабылданатынын айтты.