Аймақтағы электр қуатын арттыруға мән берілді
12:33, 23 Желтоқсан 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Биыл Қызылорда қаласындағы «ҚЭТТК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға, электрмен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға ерекше міән берілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті бюджеттен осы мақсатта 740 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржының 409 млн. теңгесі жарығы жоқ 15 елді мекенді электрлендіруге, атап айтқанда, 6 ауылға орталықтандырылған, 9 ауылға баламалы электр қондырғыларын орнатуға жұмсалды. Осы орайда 10/0,4 кВ электр желілерін салу арқылы аудан орталықтарын электрмен қамтамасыз ету жүйелерін дамытудың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 31 млн. теңге қарастырылғанын да айта кеткен жөн. Бүгінде электр энергиясын беру және тарату қызметін көрсетіп отырған кәсіпорын 2010 жылы электр энергиясының жалпы және нормативтік-техникалық ысыраптарын 16,5 пайызға төмендетуді көздеп отыр.