16:26, 28 Сәуір 2009
Аймақтарда шегірке ошақтарын дәрілеу шаралары қолға алына бастады ? Ауыл шаруашылығы министрлігі
АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ел аймақтарында шегірке ошақтарын дәрілеу шаралары қолға алына бастады. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы, бас инспектор Серік Сүлейменов шегіртке зиянкестерімен күреске байланысты қолға алынып жатқан кешенді шаралар жайында
баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, биыл шегіртке зиянкестері 1 млн. 995 мың гектар аумаққа таралады деп болжануда. Соның ішінде итальяндық прус - 996,7 мың гектар, азиялық шегіртке ? 886,6 мың гектар, марокко шегірткесі 111,5 мың гектар алқапқа таралуы мүмкін деп күтілуде. Шегірткеге қарсы шараларды ұйымдастыруға ел бюджетінен қарастырылған 1 234,1 млн. теңгенің 648,7 миллионы - пестицидтерге, 29,5 миллионы - зарарсыздандыру өнімдерінің тасымалына, 543,3 миллионы химиялық зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ. «Бүгінгі күні облыстарға, жергілікті елді мекендерге шегірткелерге қарсы қолданылатын пестицидтерді жеткізу амалдары жүруде. Батыс және оңтүстік облыстарға тасылып бітті. Қазір онда бұл удың жеткілікті қоры жинақталды. Солтүстік облыстарға пестицидтерді шегіртке зиянкестерінің таралуын бақылаудың нәтижесіне қарай жеткіземіз», - дейді Серік Сүлейменов.Шегірткелерді және олардың күбіршектерін анықтау мақсатында ел бойынша 22,4 млн. гектар жерге мониторинг жасалды.