Аймақтарда жастарға қатысты көзқарасты өзгерту керек - Данияр Сүндетбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев Жастар жылына қатысты өз пікірін білдірді. Оның ойынша, бүгінде жергілікті жерде жастарға қатысты бұрынғы көзқарасты өзгерту керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда үлкен процестер жүрді. Осының арқасында жаңа ұрпақ, жаңа буын пайда болды. Олар - ашық ойлайтын, өз ойларын ашық жеткізетін жастар. Менің ойымша, Жастар жылы бізге барлық идеяларды білдіріп, барлық игі бастамаларды іске асыруға тарихи мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда жергілікті басқару органдары тарапынан, министрліктердің тарапынан жастарға қолдау жасалады деп ойлаймын. Өйткені биыл - Жастар жылы. Сондықтан жастардың батыл идеяларын іске асыруға қарсылық болмайтын шығар», - деді Д.Сүндетбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгінде қоғам ішінде, әсіресе, жергілікті жерде жастарға қатысты бұрынғы кеңестік көзқарас әлі де бар. Оны өзгерту керек. Әйтпесе, жастардың батыл әрі тиімді бастамалары іске аспай қалуы әбден мүмкін. «Жастар кейінірек, сіздердің уақыттарыңыз әлі келген жоқ деген сияқты психология әлі де бар. Әсіресе, аймақтарда ондай психология анық байқалып жатады. Университеттерде де бар. Сіздер жассыздар, кейінірек жасайсыздар, әлі уақыттарыңыз бар дейді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқаша айтып отыр. Жастардың уақыты келді, жастар ертең емес, бүгін жасауы қажет дейді. Осылайша, Президент бізге мықты мессендж беріп тұр. Себебі қазіргі өмір өзгерді. Қысқа уақыттың ішінде біраз өзгерістер болып жатыр. 20 жылдан кейін бүгінгі жастар басқаша болады. Сондықтан қазірден бастап жасау қажет, қазірден бастап үлкен жобаларды іске асыру керек. Жастарды әріптес ретінде қарастыру қажет», - деп атап көрсетті Д.Сүндетбаев.