Аймақтық вирусологиялық зертхана құрылды

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің «Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» Республикалық мекеме базасында заманауи зертханалық жабдықтармен жарақталған және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген Аймақтық вирусологиялық зертхана құрылды.

Зертхана денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және аса қауіпті жұқпалы ауруларды диагностикалау, тамақ өнімдерін бақылау бойынша зертхана қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында құрылып отыр.

Аймақтық зертхананың негізгі мақсаттарының бірі - тұмауға, соның ішінде оның пандемиялық түрлеріне, жіті респираторлық вирусты инфекцияларға генді-молекулярлық деңгейде диагностика жүргізу, сондай-ақ вирусқа қарсы препараттарға сезімталдығын, олардың типтік тиістілігін анықтау мақсатында тұмау штамдарын бөлу болып табылады. Бұдай зерттеулер эпидемия алдындағы кезеңде және тұмау мен жіті респираторлық вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық маусымында тұмау вирустарының айналымы мен өзгеруін жедел қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, пайда болатын маусымдық асқынулардың этиологиясын және тұмау мен ЖРВИ эпидемиясын уақтылы болжауды жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Бұдан басқа, зертханада тамақ өнімдерін гендік түрлендірілген объектілердің болуына зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы зертханалық жабдық орнатылған. Зертханадағы шаралар тек Астана қаласы үшін ғана емес, сонымен қатар Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарын қоса алғанда республиканың барлық солтүстік-орталық өңірі үшін жүргізу жоспарлануда.