«Индустриалды бағыт ұстанғанына қарамастан Қарағанды облысының туризмді дамытуға мүмкіндігі мол», - деді әкім Қарағандыда облыстық басқармалардың бастықтарымен болған кеңесте.
Оның айтуынша, бұлай деуге аймақтың географиялық жағынан қолайлы орналасуы түрткі болып отыр. Өйткені, облыс аумағынан көлік дәліздері өтіп жатыр, өңірдің табиғаты бай, тарихи-мәдени мұралары мол.
Облыс аумағында Қарқаралы және Бұйратау ұлттық табиғи бақтары, табиғи қорықтар, Балқаш көлі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы, «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы, Теміртауда Тұңғыш президенттің тарихи-мәдени орталығы және басқа да маңызды ескерткіштер мен мәдениет жәдігерлері орналасқан.
«Туризм қуатты әлемдік индустрия болып табылады. Әлемнің көптеген елдерінде ол ішкі жалпы өнімді қалыптастыруда, қосымша жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарады. Мәселен, туризм саласында ашылған бір орынның соңынан жеңіл, тамақ өнеркәсібі мен транспорт саласында қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», - деді Н.Әбдібеков.
Облыстық Кәсіпкерлік басқармасы бастығы Татьяна Абылаеваның айтуынша, аймақта 11 қонақ үй, мотель, жазғы демалыс орындары мен демалыс лагерьлері жұмыс істейді. Олардың бәрінде 4640 орындық нөмір бар. Аймаққа келетін 108 мың адамның 99 мыңнан астамы шетелдіктер көрінеді. «Бұл Алматы; Астана, Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысынан кейінгі үздік бесінші көрсеткіш», - деді ол.
«Турист тарту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Приозерск қаласында Балқаш көлінің жағасында республикалық бюджет есебінен 150 орындық шипажай салынуда. Сол жерде «Гранит» қонақ үй кешенін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тағы бір инвестор көлде пирс пен қос қабатты алты коттедж салып жатыр», - деді Т.Абылаева.
Оның айтуынша, алдағы жазда Балқаш қаласындағы жағажай мен Бертіс бухтасы қалпына келтірілмек. Қарқаралы ауданындағы ұлттық қорық аумағында он шақты туристік база салу жоспарланып отыр. «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Ұлытау ауданында «Нұрдәулет» туристік кешені салынбақ. Биылғы жылы Қоскөл ауылындағы қонақ үй пайдалануға беріледі.
«Жазда Ұлытау ауданында Қазақстан географиялық одағының ұйымдастыруымен экспедиция өтті. Оған тарихшылар, археологтар, географ-сарапшылар, биологтар мен ботаник мамандар, туризм қызметкерлері қатысты. Осы экспедиция нәтижесінде GoogleMaps бағдарламасы негізінде Ұлытаудың туристік карта-схемасы жасалатын болды. Оның бір нұсқасы электронды болса, екіншісі қағазға басып шығарылады», - дейді басқарма бастығы.
Сонымен қатар, аймақта туризмнің дамуына қолбайлау болып отырған проблемалар да баршылық. Оған туризм нысандарының шалғайда орналасқаны, туристік және транспорттық инфрақұрылымдардың дамымағандығы, қызмет бағасының қымбаттығы және туристік өнім сапасының төмендігі сынды факторларды жатқызуға болады.
«Сервистің деңгейі төмен. Қызмет көрсету саласында білікті мамандар аз, - деді Н.Әбдібеков. - Саяхатшыларға арналған сапалы кәдесыйлар да жоқ».
Әкім кәсіпкерлік басқармасына, қалалар мен аудандардың басшыларына туризмді дамыту бағытында нақты іс-шараларды қолға алуды тапсырды.