Журналистерге берген сұхбатында ол халықтың Елбасыға сенетінін білсе де, сайлау кезінде аздап қобалжығанын жасырмады.
«Біз оған, оның күш-қуатына және адалдығына сенеміз. Біз өзіміздің балаларымыздың болашағын оған сеніп тапсырдық. Ол бұрын да біздің сенімімізді ақтап келді, бұдан былай да ақтай беретініне сенеміз. Бұл теңдесі жоқ жеңіс болды», - деп атап өтті ол.
ҚазҰӨУ ректорының айтуынша, Н. Назарбаев елдің ертеңгі даму бағытын анық біледі. Сондықтан елімізге қазіргі қиын кезеңдерде дәл осындай көшбасшы қажет.
«Мемлекет басшысы өзі бастап беретін барлық мақсаттар мен міндеттер, бағдарламалар мен реформалар халқымыздың тұрмысын жақсартуға арналған. Біз үлкен жетістіктерге жеттік және Н. Назарбаевтың басшылығымен әлі талай асулардан асамыз», - деді А. Мұсақожаева.
Оның ойынша, Ұлт көшбасшысы барлық қазақстандықтардың қолдауына ие болды. Сайлаудағы нәтижелер соның айқын дәлелі.
«Сайлау халықтың Президентке деген сенімінің қаншалықты жоғары дәрежеде екенін көрсетті. Әлемде ешбір Президент сайлаушылардың 97 пайызының дауысын жинап көрген емес. Бұл - жалпыхалықтық махаббат деп білемін», - деп айтты ол.