«Аймауытовқа ескерткіш орнатылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинді қабылдады. Мемлекет басшысына Ұ.Қарабалин министрліктің 2013 жылғы қызметінің қоры­тын­дылары, қазіргі кезеңдегі жоспарлар және саладағы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын стратегиялық міндеттер туралы баяндады. Н. Назарбаев инвестиция тартудың және саланы инновациялық дамыту жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ, ірі мұнай-газ кен орындары мен нысандарының төңірегінен өндірістік кластерлер құру қажеттігіне ерекше назар аударды. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына Қазақ мұнай және газ институтының жетекшілігімен ғылыми-зерттеу ұйымдары тобы әзірлеген Қазақстанның перспективалық мұнай-газы бар бассейндері атласын таныстырды. Атлас өңірлік геологиялық барлауда одан әрі перспективалық жұмыстарды қарастыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, министр Қазақстан­ның 15 шөгінді алабына кешенді зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмыс қорытындылары, сондай-ақ, елімізде отандық геологиялық барлаудың перспективалары мен мұнай-сервистік кластерлерін қалыптастыру туралы баяндады. Бұл туралы «Бірқатар нақты тапсырмалар берді» деген мақалада берілген.

Бас басылымда «Аман, Есен, Жүрсін!» атты материал жарияланды. Тараздағы №1 қалалық балалар ауруханасының перзентхана бөлімінде қала тұрғыны Айнұр Көшпенбетова есімді жас ана дүниеге үшем әкелді. Олардың әрқайсысының салмағы 2,5 келіден. Айнұр аяғы ауыр кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Ал­ма­ты қаласының акушерлік-гине­кологиялық институтында алдын алу тексерулерінен өтіп, жүкті әйелдерде болатын асқынулардан емделген. Сондай-ақ, Тараз қала­сындағы №4 қалалық емханасын­да есепке тұрып, тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болған.Айнұр Көшпенбетова мен оның жұбайы Қанат Орынбековтің бұған дейін 3 баласы бар болатын. Енді, міне, олардың қатарына Аман, Есен және Жүрсін есімді бауырлары қосылып, жас жұбайлар бірден көпбалалы отбасына айналды. Айнұр әзірге жұмыс істемейді, ал күйеуі көлік жүргізуші болып еңбек етіп жүр. Дәрігерлердің айтуынша, балалар қажетті салмағын қосып, тиісті қалпына келгенше медицина қызметкерлерінің бақылауында болады.

Облыста өткен жылы жалпы 27 028 бала, оның ішінде 13 106 ұл, 13 922 қыз өмірге келіпті. Соның ішінде 3 отбасы үшем қуанышына бөленген. Бүгінде олардың барлығы сау-саламат өсіп келеді.

***

«Ақ түтек боран қысқан күндері қазақстандықтар төтенше жағдай органдарынан ескерту жазылған «смс» хат алып жатады. Кейбір адамдарға ескерту «эс-эм-эсі» соттардан да келуі мүмкін екен»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Заң жобасы талқыланды» деген мақаласында. Қазақстанда әкімшілік қылмыстар бойынша сот ісіне қатысушыларды сот болатын уақыт туралы «смс»-пен хабардар ету көзделіпті. Тиісті бап тіпті қолданыстағы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған көрінеді. Алайда депутаттар оны ауыстыратын жаңа Кодексте осы бапты өзгертуді ұсынуда. Кеше Мәжілістегі жұмыс тобында депутаттар жаңа жобаны Үкімет өкілдерімен және Бас прокуратурамен бірге талқыға салды. Қолданыстағы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 730-бабында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысушылардың «істі қарау мерзімі мен орны немесе олардың іс жүргізу әрекеттерін жасағаны туралы» хабардар етілетіндігі айтылған.

Осы басыламда «Ғылым деңгейі артады» деген мақала берілген. Елбасының «Қазақстандық жол - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру ісіне «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы белсенді араласады.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте осы қозғалыстың өкілдері Президенттің жаңа Жолдауы аясындағы өздерінің міндеттері туралы айтып берді. Бұл бірлестікті азаматтардың бастамашыл тобы 2013 жылдың 6 желтоқсанында құрған болатын. Жетекшісінің айтуынша, бұл - «Қазақстанға сенетін, өз болашағын сонымен байланыстыратын және елді дамытуға шағын болса да, үлес қосуға дайын адамдардың қозғалысы».

-Қозғалыстың миссиясы ретінде біз «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жарияланған Елбасының жаңа саяси бағытын қолдау жолымен, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіргізуді белгіледік,-деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыстың төрағасы Данат Жұмин. - Біз үшін бүгінде елімізде тұрып жатқан адамдардың неғұрлым көп бөлігінің Стратегияда не туралы айтылатындығын түсінгені, оны жүзеге асыруға өзінің қатысуының маңыздылығын түйсінгені өте маңызды. Қазақстандықтар ХХІ ғасыр ортасына дейінгі бұл Стратегияның Астанада, Үкімет қабылдай салған қандай да бір кезекті құжат еместігін ұғынса дейміз, - деген ол «Қазақстан - 2050»-дің қазақ жерінде өмір сүретін барлық адамдардың болашағын «көп жылдарға оза анықтайтынын» нықтады.

***

«Газетіміздің 14 қаңтар, сейсенбі күнгі санында «Аймауытовтың жазығы не?» деген мақала жарияланған болатын. Онда облыс орталығында орнатылатын Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовқа арналған құны 60 миллион теңге тұратын ескерткіштің облыстық мәслихаттың шешімімен басымдығы жоқ шығындар қатарына жатқызылып, қысқарып қалғаны айтылғанды. Жұртшылық, қазақ қауымы күтіп жүрген ескерткіш Жүсі­бек Аймауытов атындағы облыстағы музыкалық-драма театрының алдынан орын алуы тиісті. Олай болса, Аймауытовқа келгенде билік басындағылардың үнемшіл бола қалғаны қалай?! Аймауытовтың жазығы не? Аймауытов қазақ үшін қымбат. Облыстық мәслихаттағылар осыны ойлады ма екен?! - деген едік»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Аймауытовқа ескерткіш орнатылады» деген материалында. Енді, міне, облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың баспасөз қызметінен жауап та келіп үлгерді. Онда былай делініпті: «Облыс әкімдігі қазақтың біртуар ұлы, жазушы, драматург, аудармашы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш қою туралы облыстық мәслихаттың шығарған шешімін мүлдем жойған жоқ. Ескерткішке қатысты әзірленген жоба қайта қаралып, шешім қабылданады. Сондай-ақ, ескерткішке арналған қаражатты жергілікті бюджеттен немесе басқа қаражат көздерінен бөлу мәселесі де тиісті шешімін табатын болады». Бәрекелді!