Шаһардағы көшелер, тротуарлар, аялдамалар, әлеуметтік нысандар маңы т.б. жерлердің ластанбауына «Астана Тазалық» компаниясы жауапты. Бүгінде онда 1500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар – негізінен, арнайы техника жүргізушілері мен коммуналдық қызмет мамандары.
Аталған мекеме жұмысшылары жазда көшелерді тазалайды, яғни олардың міндеті – жолдарды сыпырады, қоқыс жинайды, ыстық күндері арнайы техникамен су шашып, жуады. Соның арқасында жазда ауа шаң-қоқымнан таза болады. Ал қыс мезгілінде жүктеме әлдеқайда жоғары. Олай дейтініміз – 600-ден астам арнайы техника қала көшелерін қардан тазалау мен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге жұмылдырылады.
– Елорданың тазалығы – мыңдаған адамның көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбегінің нәтижесі, – дейді «Астана Тазалық» баспасөз хатшысы Қымбат Қомытова.
Оның сөзінше, қала тазалығына жауапты қызметкерлер таңғы 06:00-де міндетін атқаруға кірісіп кетеді. Шаһар сыртында тұратындар 03:00-ден бастап оянып, дайындалады екен. Демек, Астананың қазіргі жарқыраған күйі – мыңдаған жұмысшының қысы-жазы, күні-түні төккен маңдай терінің жемісі.
Сонымен бірге, «Астана Тазалық» заман ағымынан, соңғы технологиялық жетістіктерден де қалыс қалмауға мән береді.
– Бүгінде кәсіпорын қызметі толықтай дерлік цифрлық бақылауға көшірілген. GPS-мониторинг жүйесі арқылы барлық арнайы техниканың қозғалысы нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл бізге маршруттарды тиімді жоспарлауға, жүктемені әділ бөлуге және ауа райы немесе төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда техника жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылады, – дейді компанияның баспасөз хатшысы Қымбат Қомытова.
Оның айтуынша, GPS-мониторинг пен электронды жол парақтары жүйесі 393 арнайы техникаға енгізілген. Олардың қозғалысы ғана емес, атқарған жұмыс көлемі, жанармай шығыны, маршруттардың орындалуы да онлайн қадағаланады. Соның арқасында үдерісті басқару тиімді әрі жедел бола түсті, жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарды, жұмыс барысындағы ашықтық пен тәртіп күшейді.
Қоқыс шығару, сұрыптау және полигонға көму жұмыстары
Тұрмыстық қалдықтарды үйден алып шығып, контейнерге тастаған соң, ары қарай қайда кететінін ешкім ойлап жатпайтыны рас. Қазір елордада 1,7 миллионға жуық адам тұратынын ескерсек, негізінде, бұл – экологиялық тұрғыдан өзекті мәселе. Бүгінде шаһардан тәулігіне 1200 тонна қоқыс шығарылады. Қалдықтарды 200-ден астам арнайы техника қоқыс сұрыптау зауытына жеткізеді.
Соңғы жылдары Астана халқының саны күрт артып келе жатқандықтан, кәсіпорынға әкелінетін қоқыстарды сұрыптау да қиындап барады. Сондықтан онда жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Astana Recycling Plant компаниясына қарасты қоқыс сұрыптау зауытының инженер-экологі Қаламқас Күлімбаеваның мәлімдеуінше, биыл қазан айында модернизациялау тамамдалған соң, кәсіпорынның қуаты артпақ.
– Қазір қоқыс сұрыптау линиясының қуаты – жылына 200 мың тонна. Қала өсіп келе жатқандықтан, тұрмыстық қалдықтар да көбейетіні түсінікті. Зауыт тәулігіне 350-400 тонна қоқысты сұрыптай алады. Ал күн сайын әкелінетін қоқыстар көлемі – 1200 тонна. Демек, зауытқа игере алатын мөлшерінен үш есе артық қалдық әкелінеді. Биыл қазан айында жаңғырту жұмыстары тамамдалған соң, кәсіпорынның мүмкіндігі 20%-ға өседі. Тәулігіне 500 тонна, жылына 250 мың тонна қоқысты сұрыптай алатын болады, – дейді Қаламқас Күлімбаева.
Әзірге тәулігіне әкелінетін 1200 тонна қоқыстың шамамен 16,7%-ы, яғни 200 тоннасы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Оларды жүзге жуық қызметкер қолмен теріп, іріктеп алады. Арнайы үдерістен өткен соң, қалдықтардан жаңа заттар өндіріледі. Мысалы, полиэтилен мен пластик түйіршіктеліп, содан кейін балқытылады да, материалдан балалардың ойнау алаңдарындағы құрылғылар мен сырғанақтар, сондай-ақ, шелектер, шылапшындар жасалады. Ал резеңкелер ұсақталып, жүгіретін алаңдар жұмсақ болу үшін жерге төселеді.
Елордадан шығарылатын 1200 тонна қалдықтың алтыдан бірі осылайша сұрыпталып, қайта өңделсе, қалған мың тоннасы полигонға көміледі. Өңделетін қалдықтардың көлемі тым аз болуына қоқыс сапасының төмендігі себеп болып отыр.
– Қағаз, картон, полиэтилен, пластик секілді заттар тамақ қалдықтарымен араласқаннан кейін, дымқылданады, кірленеді, сапасын жоғалтады. Сосын оларды мамандандырылған кәсіпорындар бізден қайта өңдеу үшін алғысы келмейді, – дейді маман.
Қаламқас Күлімбаеваның сөзінше, қайта өңдеуге жарамсыз қоқысты көметін жалғыз полигон бар. Оның өзі қазір 70%-ға толып тұр. Түгелдей толып қалған жағдайда, жергілікті атқарушы органның қоқысты басқаруға арналған бағдарламалары бар екен.
Полигонда көмілген қоқыс қоршаған ортаны бүлдірмеуі үшін тұрақты түрде экологиялық мониторингтер жүргізіледі.
– Экологиялық мамандандырылған зертханамен келісімшартымыз бар. Оның қызметкерлері үш айда бір келіп, толық зерттеу өткізеді. Жерасты суларының, топырақтың, ауаның сапасын тексеріп тұрады. Арнайы хаттама толтырылады. Құжаттағы деректер негізінде біз ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша экология департаментіне есеп береміз, – дейді Қаламқас Күлімбаева.
Мамандар қоқыс табиғатты құртпауы үшін бақылауда ұстап, қолынан келгенін істейтіні рас. Дегенмен, пластик 500 жылға дейін шірімейтінін ескерсек, ондай қалдықтардың полигонда ғасырлар бойы көміліп не үйіліп жатқанынан гөрі қайта өңделіп, кәдеге жарағаны дұрыс. Ол үшін қоқыс сұрыптау зауытына сапасы төмендемей, жеткізілгені маңызды. Сол себепті, инженер-эколог пластик, қағаз, полиэтилен, шыны, резіңке тәрізді өңделетін қалдықтарды тамақтан бөлек жинауға кеңес береді.
– Құрғақ және дымқыл қоқысты үйде сұрыптап, екі бөлек пакетке жинау керек, – дейді Қаламқас Күлімбаева.
Мұны тек үйде ғана емес, түзде де ескерген абзал. Байқасаңыз, қазір қала көшелері мен қоғамдық орындарда әртүрлі түсті қоқыс жәшіктері мен контейнерлері қойылған. Өйткені, шаһардың санитарлық жағдайына жауапты «Астана Тазалық» мекемесі де қалдықтарды сұрыптауға үндейді.
Қалдықтарды сұрыптаудың 4 негізгі түрі бар. Оны мұқият ден қойса, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін оңай түсінеді:
• Көк түс – қағаз және картон. Газет, дәптер, қорап сияқты қағаз қалдықтары осы контейнерге тасталады;
• Сары түс – пластик. Пластик бөтелкелер, пакеттер, қаптамалар бөлек жиналады;
• Жасыл түс – шыны. Шыны бөтелкелер, банкалар жасыл контейнерге салынады;
• Қара (немесе сұр) түс – аралас қалдықтар. Тағам қалдықтары және қайта өңдеуге келмейтін тұрмыстық қоқыс осы контейнерге тасталады.
«Астана Тазалық» баспасөз хатшысы Қымбат Қомытованың пікірінше, жас ұрпақты ерте жастан табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға үйреткен дұрыс. Соның ең алғашқы қадамы – перзентіңізге қоқыс тастағанда, арнайы контейнерге салуды үйрету.
– Осы төрт түсті жүйені бала кезден үйрету – тек қоқыс сұрыптауды емес, жалпы экологиялық мәдениетті қалыптастырады. «Таза сана – таза қала» қағидасы дәл осындай қарапайым дағдыдан басталады, – дейді Қымбат Қомытова.
Рұқсат етілмеген қоқыс полигондары
Азаматтар қалдықтарды заңсыз тастай бергені салдарынан қоқыс үйіліп қалуы жиі кездесетін жағдай. Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаевтың мәлімдеуінше, рұқсат етілмеген полигондарды анықтап, жою жұмыстары жыл сайын жалғасады. Ресми сауалымызға жолдаған жауабында ол былтырғы статистиканы келтірді.
– 2025 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ғарыштық мониторингінің нәтижесі бойынша, елорда аумағында 328 заңсыз орын анықталды. Жылдың соңына дейін әкімдік бұл учаскелерді толықтай жойып, 400 мың тоннадан астам қоқыс шығарды, – деді маман.
Ал биыл аталған компания әзірге Астана қаласы бойынша ғарыштық мониторинг жүргізбеген. Әйтсе де, әкімдік қызметкерлері қарап отырмай, шаһар аумағын өз бетімен аралап, тексерген. Соның нәтижесінде 72 учаске анықталды. Қазіргі таңда оларды жою бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінге дейін 40 тоннадан астам заңсыз қоқыс шығарылды.
Көшеге қоқыс тастағандарға қанша айыппұл салынады
Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Қаланы таза ұстау ережелері заңнамада бекітілгенмен, жұрттың бәрі бірдей тәртіп сақтай бермейтіні рас. Қоршаған орта мен шаһар тазалығына немқұрайлы қарайтындарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев қоғамдық орындарды ластағандарға, қаланың абаттандыру ережелерін бұзғандарға және көліктің терезесінен жолға қоқыс тастағандарға айыппұл салу бойынша 2025 жылғы статистиканы бөлісті.
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 434-2-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) бойынша – 13 276 құқық бұзушы анықталып, 446 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қаланы абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша – 31 952 құқық бұзушы анықталып, шамамен 53 миллион 590 мың теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 344-бабы (Көлік құралын пайдалана отырып, стихиялық қоқыс үйінділерін жасау) бойынша – 43 құқық бұзушы анықталып, шамамен 11 миллион теңге сомасында айыппұл салынды, – деді маман ресми сауалымызға жолдаған жауабында.
Демек, бір жағынан, елорданың санитарлық жағдайына жауапты мыңдаған қызметкер, жоғарыда жазғанымыздай, таңғы алтыдан бастап көшелерді сыпырып, жуып, қоқыстарды жинап жатса, екінші жағынан, өзі тұратын қалаға да, табиғатқа да жаны ашымайтын кісілер шашып, ластаумен келген. Өкінішке қарай, биылғы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Тазалықшылардың еңбегін еш қылатындар азаймай тұр. Медет Жалпыбаев 2026 жылдың алғашқы 4 айындағы деректерді де ортаға салды.
– Астана қаласының Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) бойынша – 323 құқық бұзушы анықталып, 7 миллион 300 мың теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қаланы абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша – 18 000 құқық бұзушы анықталып, 35 миллион теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 344-бабы (Көлік құралын пайдалана отырып, стихиялық қоқыс үйінділерін жасау) бойынша – 22 құқық бұзушы анықталып, шамамен 4,7 миллион теңге сомасында айыппұл салынды, – деді ол.
Қорыта айтқанда, шаһардың және табиғаттың тазалығы тек жауапты мамандардың міндеті емес. Олар қолынан келгенше жұмысын тыңғылықты атқарады, әрине. Дегенмен, жалпы халық экологиялық мәдениетті сіңірмесе, миллиондаған тұрғынның артын жинап жүруге мыңдаған қызметкердің шамасы жетпейтіні хақ. Ал табиғатқа жанашырлық, экологиялық мәдениет өсіп келе жатқан жас ұрпақты қоқысты сұрыптап, арнайы контейнерге тастауға баулудан басталады.
Айта кетейік, бұған дейін елордадағы қоқыс сұрыптау зауытында жаңғырту жұмыстары қашан аяқталатынын жазғанбыз.