Әйнек жуғыш сұйықтықтан улану қаупі бар: мамандар жүргізушілерге ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Автокөлікке арналған әйнек жуғыш сұйықтықты таңдаған кезде оның қауіпсіздігіне көз жеткізу маңызды. Себебі сұйықтық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлайды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Автокөлік әйнек жуғыш сұйықтығы әйнектердің тазалығын қамтамасыз етіп, жолдағы көрінуді жақсартады. Бұл әсіресе қыс мезгілінде маңызды. Алайда сапасыз өнімді пайдалану жүргізушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

Комитет жосықсыз өндірушілер әйнек жуғыш сұйықтықтардың құрамында жүйке жүйесі мен көру органдарына уытты әсер ететін күшті улы зат — метил спиртін (метанолды) пайдалануы мүмкін екеніне назар аударады.

— Сұйықтықты пайдалану кезінде метанол булары автокөліктің желдету жүйесі арқылы салонға енуі мүмкін. Оларды тыныс алу бас ауруын, бас айналуды, жүрек айнуын, көру қабілетінің бұзылуын, ал жоғары концентрацияда ауыр улануды тудыруы ықтимал, — деп ескертті мамандар.

Әйнек жуғыш сұйықтықтарға қойылатын талаптар Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың 5-бөлімінде белгіленген.

— Өнімнің қаптамасында мемлекеттік және орыс тілдерінде таңбалануы тиіс. Онда өнімнің атауы, өндіруші туралы мәліметтер, өндірілген күні, сақтау мерзімі мен шарттары, мақсаты және партия нөмірі көрсетілуі қажет. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат — мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (МТК). Оның бар-жоғын ЕАЭО мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінен тексеруге болады, — дейді олар.

Комитет тұтынушыларға әйнек жуғыш сұйықтықтарды тек белгіленген сауда орындарынан сатып алуды, өнімнің таңбалануына және қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуына назар аударуды ұсынады. Мұндай құжаттары жоқ сауда орындарынан өнім сатып алудан бас тартқан жөн.

Айта кетейік, жолдағы қауіпсіздік тек автокөліктің техникалық жарамдылығына ғана емес, сонымен қатар пайдаланылатын өнімдердің сапасына да байланысты.

Осыған дейін қысқы шина таңдауда осы 5 нәрсені ескеру қажет екенін жазғанбыз.