Айрықша маңызды металдар қорларын басқарудың ұлттық жүйесі жасалады — Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Жолдауын іске асыру аясында геологиялық барлау тәсілдері өзгереді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Фото: Kazinform / ЖИ

— Жер қойнауын пайдалану және индустриялық-технологиялық даму саласында ағымдағы жылдың соңына дейін айрықша маңызды металдар қорларын басқарудың ұлттық жүйесі жасалады. 2027 жылы елдің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету тетіктерін енгізу, сондай-ақ «Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы» ақпараттық жүйесін толығымен толтыру арқылы геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз ету жоспарланған, — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, геологиялық барлау тәсілдері өзгереді.

— Озық технологияларды қолдануға және цифрлық геологиялық карталарды қалыптастыруға басымдық беріледі, — деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.