2003 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген ол ауыр атлетикамен айналысқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қазірге дейін жастар және жасөспірімдер арасында Азия және ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
«Ауыр атлетика қыз баласы үшін оңай спорт түрі емес. Алғашқыда ата-анам қарсы болды. Десе де зілтемірді көтеру мен үшін қиын тиген жоқ. Оның әдісін толық меңгеріп алдым. Бұл орайда бапкерлерімнің көмегі көп тиді. Беріде облыс орталығындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатта білім алдым. Бапкерлерім - Арман Абдраев, Нұрсұлтан Бахрадин, Мұхаммед Тұрысбеков», - деді ол.
Ол былтыр 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Одан бұрын Ташкентте өткен Азия чемпионатында 2 мəрте алтын медаль олжаласа, Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы атанған.
«Қазір ата-анам менің әрбір жарысыма көз тігіп, елеңдеп отырады. Сайыс алдында маған қолдау білдіріп, ерекше жігер сыйлайды. Түрлі додалар барысында мен олардан шалғайға ұзап кетсем де олардың осындай жылы ықылас-пейілінің арқасында дәл қасымда жүргендей сезінемін. Отбасымда менен басқа спортшы жоқ», - дейді Айсамал Сансызбаева.
Бала кезінен үлкен жетістіктерге қол жеткізуді қалайтын ол сол жолда тынбай тер төгіп келеді. Әрбір жаттығуда бапкерлер үйреткен ақыл-кеңесіне ұқыпты түрде құлақ асады.
«Алда бізді көптеген жарыстап күтіп тұр. Әлем, Азия және Қазақстан біріншілігі бар. Олардың әрбіріне ерекше дайындық керек. Сонда ғана жетістікке қол созуға мүмкіндік туады. Қазір сол додаларға дайындық басталып кетті», - дейді ауыр атлет.
Ол жарыс барысында ырымдарға көп сене бермейтінін айтады. Алдымен жаратушы иемізге сыйынып, содан кейін жарысқа тас-түйін дайындықпен шығамын.
«Шынымды айтсам, ырымдарға көп сене бермеймін. Аллаға сыйынып, жоғары жетістікке қол созуды қалаймын. Алға қойған мақсаттарым көп. Әзірге оны құпия ұстай тұрайын. Алдымен бапкерлер сенімін ақтауға күш саламын. Ас-тағамдардан етті, мантыны және тәттілерді жақсы көремін», - дейді Айсамал бізбен әңгімесінде.