АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионаты алғашқы күнінің қорытындысы бойынша доп беруден үздік көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина италиялық Элизабетта Коччареттомен матчта екінші сеттің соңында 195 км/сағат жылдамдықпен доп берді.
Бұл осы уақытқа дейін әйелдер арасында үздік көрсеткіш болып табылады.
Осы «Үлкен дулыға» додасының 22-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ертең екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 104-орында тұрған словениялық Кайя Йуванмен кортқа шығады.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева бүгін румыниялық Сорана Кырстямен алғашқы кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Фото - Қазақстан теннис федерациясы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).