Айтудың жөні осы деп, бір нәрсені қайталай беруге болмайды - Дархан Мыңбай
Жиынды ашқан Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Жолдау мен билік өкілеттіліктерін бөлу туралы үндеуді халыққа түсіндіру үшін айтылған дүниелерді қайталай берудің мәні жоқ екенін атап өтті.
«Президенттің үндеуі мен Жолдауы бір-бірімен өте байланысты, бір-бірін толықтырып отырған оқиғалар. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы үндеуде саяси жаңғыру бағытында билік өкілеттіліктерін бөлу мәселесіне тоқталды. Бұған қазақстандықтар ғана емес, әлем сарапшылары назар аударды. Бірақ, қызығушылықпен қатар, түсіндіруді қажет ететін әртүрлі сұрақтар да бар. Бұл жерде ең бастысы, үндеуғе жай ғана үн қосып қана қойып, айтылған нәрселерді қайталай беру емес. Кейбір өзекті мәселелерді жұртқа тарқатып, елдің көкейіне қонатындай етіп айту керек. Айтудың жөні осы екен деп, айтылған нәрселерді қайталай берудің қажеті жоқ»,-деді Дархан Мыңбай.
Ал, Жолдауда айтылған мәселелердің арасынан Ұлттық музей директоры білім саласындағы реформаларды қолдайтынын айтты.
«Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін басымдық ретінде дамыту керек деді. Енді осыны жүзеге асырудың тетіктерін ойластыру керек. Біріншіден, үш тілде білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен көшу керек. Екіншіден, бұл реформа бір ғана тілдің есебінде болмауы тиіс. Жақсы оқулықтарды айналымға түсіріп, білімді мамандарды тартқан жөн»,-деді Мыңбай.