«Айтулы отырыс Астанада өтеді»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат.  Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 28-і,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақстан өкілі негізгі баяндама жасау құрметіне ие болған жапон жеріндегі осы жаһандық жиын адамзат баласы түптің түбінде өзіне өзі ор қазатын жолмен жүре бермейтіндігіне сендіреді. Түптің түбінде адамзат атом қаруынан ат кекілін кесіседі. Жаппай қырып - жоятын қару келмеске кетеді. Ол күнді біз көрмесек те, ұрпағымыз көреді.

Сол кезде осы қасиетті іс қазақ даласында басталғанын еске алады адамзат»,  - деп жазған «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақ даласында басталған» деген тақырыптағы мақала Қазақстан әлем тарихында атом қаруынан алғаш рет бас тартқан мемлекет екендігін жазды.

 Конституция күніне орай аталмыш басылым «Құзырлы қадағалау қарымы» тақырыбымен адам мен адамзаттың бұзылған құқы мен бостандығын қалпына келтіретін құзырлы органның Бас прокуроры Қайрат Мәмимен болған сұхбатын жариялады. Бұнда еліміздің ЕҚЫҰ - ға төрағалық ету міндеті, конституциялық заңдарға сай атқарылып жатқан істер және алда тұрған өзгеде мәселелер жәйлі ой өрбітеді.

 Алдағы 10 жылда құқықтық саясат нені көздейді? Бұл сұраққа жауап іздегіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына»  назар аударыңыз.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Қарағанды Президентті жаңа жобалармен қарсы алды» деген тақырыппен Елбасының Қарағанды облысындағы жұмыс сапары турасында жазды.

 «Алтын адам - Шілікті патшасының бүкіл салтанаты қалпына келтірілді». Осы тақырыппен аталмыш басылымның күнделікті «Ақ сөйле!» айдары тас қазбалар жайлы әңгіме қозғаған әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Археологиялық - этнологиялық орталығының директоры Әбдеш Төлеубаевпен болған сұхбатын жариялады.

 «Осы жылы қырқүйектің 24-26-сы күндері бас қала және бір үлкен жиынға ұйытқы болмақ. Елордада Азиялық саяси партиялар Халқаралық Конференциясы Бас Ассамблеясының (АСПХК) V отырысы өтеді. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарлануда», - дейді «Айқын» басылымы. Айтулы жиын туралы білгіңіз келсе, «Айтулы отырыс Астанада өтеді» деген мақаланы оқыңыз.

***

«Мемлекеттік құпияны» жариялады деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылған Рамазан Есіркеповті қолдау акциялары жалғасуда. Бұл турасында толығырақ «Жас Алаш» газетінің кешегі санындағы «37- нің қайталануына жол бермейміз!» деген мақаладан оқи аласыздар.

 «Талантты әртістермен, батыл қойылымдармен танылып жүрген еліміздің жалғыз мюзикл театры «Ақсарай»-ға «БТА банкіне» қатысты дау - дамайдың әсерінен  жабылу қаупі төніп тұр».

«Жас Алаш» басылымы «Мен мәңгілік оппозицядамын» деген тақырыппен аталған театрдың жетекшісі Болат Атабевпен болған ашық әңгімесін жариялады.

***

Елбасының Қарағанды облысына жұмыс сапарын орыс тілді республикалық басылымдар  - «Экспресс К», «Литер», «Казахстанкая правда» газеттері де кеңінен жазды.

 Мәселен, «Литер» Мемлекет басшысы осы сапарында Қазақстанның ішіне ғана емес, көрші елдерге де өнім шығара алатын қуаттылығы бар жаңа ет комбинатын іске қосқанын атап айтқан.

 Ал «Комсомольская правда Казахстан» басылымы Ұлтттық бірыңғай тест қорытындыларына мақала арнап,  ҰБТ қазақ тілі мен математикадан алматылық оқушылар нашар екенін көрсеткенін жазады. Басылым  биылғы түлектердің 60 пайызы қазақ тілінен небәрі 16 балл, ал математикадан 90 пайызы 11,2 балл ғана алғанын дәйек ретінде алға тартқан.