Айя-София мешітінің күмбезі 600 жылдан кейін алғаш рет қалпына келтіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстамбұлдағы бүкіл әлемге әйгілі Айя-София мешітінің (София шіркеуі ретінде де белгілі) басты күмбезі алты ғасырдан бері алғаш рет ауқымды жоба аясында қайта қалпына келтірілмек, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой Ыстамбұлдағы әйгілі Айя-София мешітінің күмбезін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғанын жариялады.
— Айя-София мешітінің күмбезі жер сілкінісіне төзімділігін арттыру үшін нығайтылатын болады, — деді министр өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, құрылымды нығайту – сейсмикалық қауіпті аймақ үшін өзекті мәселе саналатын жер сілкіністеріне төзімділікті арттыруға бағытталған.
Ғасырлар бойы христиан шіркеуі де, мұсылман мешіті де болған Айя-София Византия мен Осман сәулетінің басты нышандарының бірі саналады. VI ғасырда салынған басты күмбез — сол дәуірдің архитектуралық және инженерлік кереметтерінің бірі — осы уақытқа дейін елеулі жөндеуден өтпеген.
Ерсойдың айтуынша, жобада заманауи технологиялар дәстүрлі әдістермен үйлестіріле отырып қолданылады. Қалпына келтіру жұмыстары тарихи ескерткіштің шынайылығын сақтау үшін реставраторлар мен тарихшылардың қатаң бақылауымен жүргізіледі.
Айя-София қалпына келтіру жұмыстары кезінде келушілер үшін ашық күйінде қала береді, алайда ғимараттың кейбір бөліктеріне уақытша шектеулер қойылуы мүмкін. Реставрация бірнеше жылға созылады деп күтілуде.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, әлемдік мәдени мұра саналатын ескерткішті қайта қалпына келтіру — өткен дәуірлердің сәулет өнерін сақтау жолындағы маңызды бастама.
Айта кетейік, 2023 жылы Түркия президенті жанындағы қоғаммен байланыс жөніндегі директораттың жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Айя-София мешітінің реставрациясы 50 жылға созылады, бұл уақытта ол діни рәсімдер мен туристерге жабық болады деген мәліметтерді жоққа шығарған болатын.
Бұған дейін Түркиядағы Grand Kartal қонақүйіндегі өрттің негізгі себебі анықталды.