Айыбы жоқ: ENRC-ге қатысты іс тоқтады

Фото:
Жақында қоғамның назарын өзіне аудартқан атышулы іске нүкте қойылды. Ұлыбританияның аса ірі көлемдегі алаяқтықпен күрес бюросы (SFO) Eurasian Natural Resources Corporation-ге (ENRC) қатысты бастаған тергеуін айып тақпастан ресми түрде аяқтады. 10 жылдан астам уақытқа созылған тергеу жұмыстарының шешімі SFO-ның ресми веб-сайтында жарияланды. Тергеу қорытындысы бойынша ENRC-ге немесе оның лауазымды тұлғаларына қатысты айып тағылған жоқ. Сырт көзге бұл тышқан құсап қап тескендердің заңды оңай айналып өткені секілді көрінуі мүмкін. Бірақ кінәсіздік презумпциясын қайда қоямыз?

Мән-жайды басынан баяндайық. Бұрындары FTSE 100 индексіне (Лондон қор биржасының жетекші индексі) енген ENRC компаниясының активтерін бас кеңсесі Люксембургте орналасқан әлемдегі табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы жетекші әртараптандырылған топ – Eurasian Resources Group (ERG) 2013 жылы сатып алған болатын. 2009-2012 жылдар аралығында Конгодағы пайдалы тау-кен келісімшартына қол жеткізу үшін пара берді деген күдікпен SFO 2013 жылдың сәуірінде ENRC-ге қарсы тергеу бастаған еді. Ал сол жылдың қарашасында ENRC LSE-мен, ал желтоқсанда KASE-мен делистинг жүргізілді.

SFO тергеушілері ENRC негізін қалаушы үшеудің бірі Александр Машкевичке және компанияның серіктесі Дэн Гертлерге қарсы тергеу жүргізді. SFO тергеуі басталғанға дейін компания Dechert заң фирмасы сеніп тапсырған өзінің жеке ісін жүргізді. Сыбайлас жемқорлықтың, 35 миллион долларды заңсыз иемденудің және қылмысты жасыру үшін жойылған құжаттардың дәлелі табылды. Бірақ, SFO бұл айыпты бірнеше жыл бойы дәлелдей алмады. 2017 жылы Ұлыбритания Жоғарғы Сотының судьясы ENRC-тен Dechert-тен алынған барлық құжатты тапсыру туралы шешім шығарды, бірақ кейін апелляциялық сот шешімнің күшін жойды. Ең қызығы, SFO апелляциялық шешімге наразылық білдірмеді. Сарапшылар мұны SFO-ның ескі айла-амалының қате екенін мойындауы деп санады.

Осы орайда, айта кетейік Африкада ERG мыс және кобальт кенін өндіреді және өңдейді, мыс концентраты мен кобальт гидроксидін шығарады. Сонымен бірге, компанияның Оңтүстік Африка Республикасында, Зимбабведе, Малиде және Мозамбикте энергетикалық көмір, марганец, платина, боксит және флюорит жобасы бар. Бразилияда ERG Pedra de Ferro жобасын, Pedra de Ferro кенішіндегі темір рудасының интеграцияланған кешенін, Porto Sul терең теңіз портын және FIOL жаңа трансконтинентальды теміржолының бір бөлігін дамытуды жалғастырып келеді.

Әрине, жемқорлық пен парақорлықтың зардабы ешбір індеттен кем түспейді. Араны ашылған, қолы арам шенділердің қалтасына басқан қаржысын құзырлы орган қызметкерлері қайта құстырса разы боласың. Алайда елдің дамуына қаржы бөлген компанияға кінә тағуға келмес. Қазір Африканың осы елінде ERG-нің 2,5 миллион тоннадан астам мыс пен 230 мың тоннаға жуық кобальт өндіруге рұқсаты бар. ERG 2025 жылға дейін Конгоға 2 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр екен. Мұны ұйым өкілі электромобиль өндірісінде қолданылатын мыс және кобальт кен орындарына бақылауды қайтарғысы келген Bloomberg-ке айтқан болатын. Бұл активтердің кейбіреулері ERG-ге тиесілі. Конго билігі ERG «кен орындарын тым баяу дамытып жатыр» деп санайды, сондықтан Gecamines мемлекеттік тау-кен компаниясының жобалардың бір бөлігін қолына алғысы келетіні тағы бар.

Ақыры, ұзаққа созылған атышулы істің майлы нүктесі қойылды. Биыл 10 жылдық тергеуден кейін Ұлыбританияның құқық қорғау органдарының тергеушілері ENRC-ге тағар кінә, жабар айып жоқ екенін мойындады.

«Біз бірнеше құзыретті қамтитын жан-жақты тергеу жүргіздік және тергеудің барлық ақылға қонымды бағытын қарастырдық. Жапа шеккендердің әділдігін қамтамасыз ету және қоғамға пайда әкелу үшін барлық істі үнемі қарап отырамыз. 2023 жылдың тамызында тергеудің соңғы тексерісінен кейін біз қудалау үшін жеткілікті дәлелдер жоқ деген қорытындыға келдік және істі жауып тастадық. Біз тергеумен жұмыс істегендердің барлығына шын жүректен алғыс айтқымыз келеді», - делінген SFO хабарламасында.

Айта кетейік, ERG-ның әлемнің 16 елінде жұмыс істейді. Қазақстанда «Қазхром», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне (ССКӨБ), «Қазақстан алюминийі», Қазақстандық электролиз зауытына (ҚЭЗ), Еуроазиялық энергетикалық корпорациясына (ЕЭК), «Шұбаркөл Көмір», «ТрансКом», «3-Энергоорталық» және ERG Service иелік етеді. 2022 жылдың өзінде Еуразиялық топ Қазақстан бюджетіне 410 млрд 387 млн теңге салық төлеген. Әлеуметтік инвестициялардың көлемі 43 млрд 884 млн теңгеге жетті.