Айыппұл өндірудегі былықтар қолдан ұйымдастырылып отыр - Бас прокурор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айыппұл өндірудегі былықтар қолдан ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы бүгін Заңдылық, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлімдеді.

Асхат Дауылбаевтың айтуына қарағанда, айыппұлдарды өндірудің төмен көрсеткіші негізінен уәкілетті органдар тарапынан жыл сайын қайталанып отырған жүйелі бұзушылықтардың салдарынан туындаған. Атап айтқанда, тиісті органдар заң бұзушылардың табыс көздерін анықтау шараларын қолданбайды, ал шығарылған қаулылар сот орындаушыларына олардың төлем қабілеттілігі алдын ала тексерілместен жіберіледі. Өз кезегінде сот орындаушылары ондай материалдарды кері қайтарып, салдарынан қағазбастылыққа жол беріледі. Бұдан бөлек, сот орындаушылары тарапынан өрескел бұзушылықтар да орын алған.

«Биылғы жылы сот орындаушыларына уәкілетті органдар тарапынан жалпы сомасы 40 млрд. теңгеден асатын 700 мың қаулы жіберілді, бұлардың ешқайсысында құқық бұзушылардың табысы тексерілмеген. Бұнымен қоса, кей жағдайда қаулылардың айтарлықтай бөлігі орындауға жолданбастан, жылдар бойы уәкілетті органдарда сақталып жатып қалады. Ұзақ жылдар бойы жатқан қаулылар жоғалып қана қоймай, әдейі жойылады, тіпті кей жағдайда бұрмаланады. Мәселен, ағымдағы жылы прокурорлар уәкілетті органдарда «қозғалмастан» жатып қалған 1,5 миллиард теңгені құрайтын 150 мыңнан астам материалдарды анықтады. Осылайша, айыппұл өндіру үдерісінде былықтар қолдан ұйымдастырылып отыр», - деді А.Дауылбаев.

Оның айтуынша, уәкілетті органдар тарапынан статистикалық мәліметтерді әдейі төмендету фактілері де анықталған.

«Мәселен, Алматы қаласының бір ғана әкімшілік полиция басқармасы 6 айдың ішінде 600 млн. теңгенің 95 мың қаулысын есепке тіркеуден жасырып қалған», - деді Бас прокурор.