Айырбастау пункттеріне алтын құймаларын сатуға рұқсат беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қабылданған Заң жобасы қарапайым азаматтарға әсер етпейді, өзгерістер ірі валюталық операцияларға ғана қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында банктік емес айырбастау пункттеріне Ұлттық банк шығарған шағын алтын құймаларды сатып алу және сату құқығы беріледі. Сондай-ақ «валюталық операциялар» ұғымына валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқаруға  немесе брокерлік қызмет көрсету туралы шарт негізінде беру, бейрезидент шығарған электронды ақшаны резидентпен сатып алу және өтеу енгізілді. Сонымен қатар, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу және сату құқығы берілді. Көрсетілген  түзетулер жеке тұлғалардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады, ішкі валюта нарығында бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді», - деп тоқталды ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев.

Заң жобасы қабылданған жағдайда бизнес субъектілеріне өз қызметін жаңа талаптарға сәйкес келтіру үшін уақыт қажет болады. Заң жобасын қолданысқа 2019 жылдың 1 шілдесінде енгізіледі.

«2020 жылдың 16  желтоқсанында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің өтпелі кезеңі аяқталады, ол кезде шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдары ішкі нарыққа кіруге рұқсат алады. Сондықтан заң жобасының 1-бабы 3-тармағының 7 абзацы үшін қолданысқа енгізу мерзімі 2020 жылғы 16 желтоқсан болып белгіленді»,- деп нақтылады ҰБ басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыс барысында Ұлттық банк төрағасы Қазақстандағы шетелдік ұйым филиалдарының есеп айырысуларын теңгеге ауыстыруды ұсынды.  

«Қазіргі уақытта елімізде шетелдік ұйымдардың 4,5 мың филиалы тіркелген. Дүниежүзілік сауда ұйымына толық кіргеннен кейін, оның санының ұлғаюы күтіледі. Сәйкесінше, ел ішінде шетел валютасындағы төлемдер көбейеді, бұл ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық компаниялармен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Қызметі мемлекеттің атынан жасалған келісімдер арқылы реттелетін компанияларға өзгерістер қолданбайды. Олар бейрезидент мәртебесінде қала береді», - деді  ҰБ басшысы.