Айыртау ауданында ер адам тоғанға батып кетті - СҚО

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында суға шомылу маусымы басталғалы 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір адам балық аулап жүріп суға кетсе, қалған үшеуі суға шомылуға барып, ажал құшқан. Оқыс оқиғалардың барлығы арнайы жарақтандырылмаған орындарда болған.

13 маусым күні Айыртау ауданында 1994 жылы туған ер адамның денесі судан шығарылды. Ол бір күн бұрын түстен кейін арнайы жарақтандырылмаған су қоймасына барып түскен. Құтқарушылар шомылып жүріп батып кеткен жігіттің денесін тек келесі күні таңертең ғана тапты.

«Оқыс оқиға Төменгі Бұрлық елді мекенінен 3 шақырымдай жерде орналасқан қолдан жасалған тоғанда болды. Үш адам демалып, суға шомылу үшін барған. Ер адамның батып кеткендігі жөнінде хабар бізге сағат 16.00 шамасында түсті. Жол алыс, құтқарушылар жеткенше қараңғы түсіп кетті. Сол себепті тек ертеңіне күн шыққан соң іздеу жұмыстары басталды. Мүрдені тек сағат 10.00 шамасында ғана судан алып шықты», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.


СҚО-да биыл суға шомылуға арнайы жарақтандырылған 58 орын дайындалды.

«Арнайы орындар өңірдегі 12 көл мен Есіл өзенінде орналасқан. Қалған жерлерде суға түсу қауіпті. Сондай-ақ балаларды ересектерсіз жалғыз суға шомылуға жіберуге болмайды. Спирттік ішімдік ішіп суға шомылуға тыйым салынған. Ішімдіктің салдарынан адамда өзіне-өзі сенушілік артып, күшін есептей алмай қалуы мүмкін. Судағы арнайы белгілерден асуға болмайтынын да еске саламыз», - дейді Игорь Жуков.