Аз қамтылған маңғыстаулық 1 мың отбасыда жыл соңына дейін өз бизнесі болады

МАҢҒЫСТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында қолға алынған «Бизнес 3 күнде» атты жобасы аясында бүгінде 100 отбасы өз кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маңғыстау өңірінде «Бизнес 3 күнде» атты жоба жүріп жатқанын білесіздер. Бұл бағдарламаның басты нысаны - әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұялар. Қысқа уақытта бағдарламаға 100 отбасы қатысып, өз бизнестерін ашты. Қазір күнделікті табысын тауып отыр. Жыл соңына дейін мың жанұяны қамту жоспарымызда тұр», - деп жазды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Фейсбуктегі өз парақшасында.

Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың 27 ақпанында өткен «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қарастыруды жүктеген болатын.

Әлеуметтік бастамалардың бірі - толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеу мүмкіндігін туғызу.

«Толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажет. Ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға жекелеген гранттар, квоталар және шағын несиелер бөлу қажет. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Үкімет пен әкімдер бұл қызметті «Nur Otan» және «Атамекенмен» бірге жүзеге асыруы тиіс», - деді Елбасы партия съезінде.