«Әз-Наурызға әзірлікті бастасақ қайтеді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, V шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Парламент палаталарының бірлескен отырысын, Мәжіліс Төрағасы сайланғанға дейін, Ата Заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жүргізді. Ол депутаттар тіркелуден өткен соң қажетті кворум бар екенін жариялап, сессия жұмысын ашты. Одан әрі Мемлекеттік әнұран орындалып, алғашқы сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тақырыптағы мақаласында.  Көппартиялы Парламенттің жұмысы басталатын сессия аса жауапты болып табылатынын атап көрсеткен Елбасы: «Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын біз саяси жаңғырумен бастадық. Бұл бәсекелестік жағдайында байыпты шешімдердің қабылдануына жол ашады деп санаймын. Таяудағы оқиғалар қоғамымызды біріктіре түсті. Еліміз тәуелсіздік жолында татулық пен тұрақтылықты, тыныштық пен түсіністікті таңдады. Бұл - өрлеу мен өркендеу үшін дауыс берген отандастарымыздың ортақ олжасы мен жасампаз жеңісі болып саналады», - деді.

  «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше кешкілік Павлодар облысына барған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облыс активімен жиын өткізіп, өңірді басқарған Бақытжан Сағынтаевтың Елбасы Жарлығымен еліміздің Экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалғанын жеткізген. Бұдан кейін Үкімет басшысы облыс активіне облыстың жаңа басшысы Ерлан Арынды таныстырды. «Ал бұл есім облыс халқына өте таныс. Бұған дейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ректоры болған Ерлан Мұхтарұлы жоғары оқу орнын басқара жүріп белсенді рухани-мәдени қызмет атқарды. Ұлтымызға жасаған елдік, егемендік бағытындағы еңбегімен көзге түсті. Үкімет басшысы жаңа облыс әкімі Е.Арынның алда атқаратын жұмыстарының кейбіріне тоқталып, қай салаға баса назар аудару керектігін атап көрсетті және елді еңселендіру жолындағы еңбегіне сәттілік тіледі», - деп жазады басылым.

***

«Наурыз-альянс» қоғамдық клубы жағымды жаңалықтың шетін шығарды. «Мемлекеттік мереке - ұлтымыздың мерейі. Наурыз - солардың ішіндегі бастысы да, жарқыны да» деген клуб мүшелері «өкінішке қарай, бұл мейрамның егемен елдің тамыры терең мерекесі ретінде өмірден өз орнын ала алмай келе жатқандығын» ашық айтыпты», - деп жазады «Айқын» газеті «Әз-Наурызға әзірлікті бастасақ қайтеді?» деген тақырыптағы мақаласында Басылымның атап өтуінше, бұның басты себебі - мейрамның этнографиялық сипаттан арыла алмай, азаматтық мереке мазмұнын бойына сіңіре алмауынан көрінеді.

 Ата-бабамыз ұрпақ өрбітіп, қазақтың санын көбейтуді мақсат тұтса керек, он үш жасында ұлға бөлек отау тіккен. Қазақта «он үште отау иесі» деген сөз осыдан шыққан. Қыздар отырып қалды, сүрбойдақтар көбейді деп алаңдағалы қашан. Рас, кәрі қыз бен сүрбойдақтың мәселесі қоғамда көлденеңнен тұр. Алайда елімізде ертерек некеге тұру дәстүрі де белең алып барады. Үйлі-күйлі, отбасылы болған жақсы, әрине. Дегенмен ерте үйленудің өзіндік машақаты да баршылық. Ерте шаңырақ көтерудің қандай машақаты бар екендігін білгіңіз келсе «Айқын» газетінің сенбілік санында жарық көрген «Ерте үйленудің өз машақаты бар» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ кадемиялық музыкалық драма театрының директоры Еркін Жуасбекпен арадағы сұхбат «Руханиятта жүрген жандардың сананы ояту жолындағы жауапкершілігін сезінетін кезі жетті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Кейінгі кезде сана мәселесі қабырғама қатты батып жүр. Әсіресе, бұл ой Жаңаөзендегі мәселеге қатысты үдеді. Өнер адамы ретінде мен ашулану дегеннің не екенін, тартысқа түсудің не екенін зерттегім келеді. Себебі сахналық оқиға ең алдымен тартыстан тұрады», - дейді.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Президент Николя Саркозиден Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына байланысты құттықтау хат келіп түсті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, Николя Саркози қазақ-француз ынтымақтастығының барлық бағытындағы елеулі әлеуетті атап өтіп, Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі жоспарлардың табысты іске асатынына сенім білдірген. «Мен соңғы жылдары біздің сенімді жағдайда өткен тұрақты кездесуіміз серіктестік аясында едәуір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Біздің кәсіпорындар белсенді жұмыс жүргізуде. Мен 2012 жылы жаңа биіктерді бағындыра аламыз деп сенемін. Сіздің қолайлы уақытта Астанаға тағы да сапармен келіп қайту туралы шақыруыңызды қанағаттанғандық сезіммен қабыл аламын», - делінген хатта.