«Азалы күні айылын жимағандар айыпсыз қала бере ме?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 31 қаңтар, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Электр қуатын үнемдеу мәселесі жаһандық деңгейде ерекше маңызға ие. Оның балама көзін қарастыру үшін сарапшылар талай мәрте бас қосты. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатымен Қазақстанға БҰҰ өкілі Гордон Джонсон арнайы ат басын бұрды. Ол еліміздің бірқатар өңірін аралап, желдің соғу бағытына зерттеу жұмысын жүргізген», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Қуат көзін үнемдеу жолы» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның дерегіне сүйеніп жазуынша, 2030 жылға дейін 46 ауданда қуаты 1 млн. квт/сағ. болатын жел стансалары салынады. Ал осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында және Қарағанды облысының Кентау қаласында жел стансалары бой көтерген. Жалпы, балама қуат көздерін еселеуде биоқалдықтардың да орны ерекше. Бейресми ақпарда көрсетілгендей, жыл сайын мал шаруашылығы саласында құрғақ күйінде 22,1 млн. тонна қалдық болады екен. Сонымен бірге 17,7 млн. өсімдік қалдығын жаратудың мүмкіндігі бар.

***

«Халық құқық қорғау органдарына неге сенімсіздікпен қарайды?». Дәл осы сауалды «Айқын» газетінің туындатуына күні кеше Ақордада өткен алқалы жиын түрткі болды. Ол жиында құқық қорғау органдарына халықтың сенімсіздікпен қарайтыны ашық айтылған еді. Міне осы сауалға жауап берген халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай: «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана емес, басқа да мемлекеттік қызметкерлердің арасында өз қызметiн пайдаланып, ақша табуды, баюды көздейтіндер көп. Тексіз адам тексіздігін жа­сайды», - депті. Ал заңгер Ғабиден Жайлин болса, кейбір жағдайларда жәбірленушіге заңгерлердің өздері көмектесе алмайтындығын ашық айтыпты. «Құқық қорғау органдарының жалпы адам құқығына деген көзқарасы дұрыс емес, олар өздеріне келген адамдарға менсінбей қарайды. Жақында көлік жүргізушіні ұстап алып, оған мал сияқты айқайлап жатқанын көрдім. Олардың заңсыз әрекеттерін дәлелдеу мүмкін емес. Кейбір жағдайларда жәбірленушіге заңгерлердің өздері көмектесе алмайды», - дейді заңгер.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Көкшетау-Алматы» бағытымен ұшып келе жатқан әуе кемесінің апатқа ұшырауына байланысты кеше ел тұрғындары аза тұтты. Мемлекеттік телеарналар мен радио тораптар ойын-сауықтық бағдарламаларды күрт тыйып, қабырғасы қайысқан отбасылардың қайғысына ортақтасты. Бірақ кейбiр коммерциялық және кабельдік желілер арқылы тарайтын арналар мен «Русское радио», «Ретро ФМ», «Тенгри ФМ», «Авторадио», «NS» және басқа бірқатар радиолар айылын жиған жоқ. Күнделікті дағдысымен кө­ңіл көтеріп, үйреншікті жұмыстарын жалғас­тыра берді. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Азалы күні айылын жимағандар айыпсыз қала бере ме?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Неге? Заң бойынша ту түсірілген сәтте барлық телеарналар мен радиолардан ойын-сауықтық, көңілашар бағдарламалар тоқтатылып, жарна­малар көрсетілмеуі тиіс. «Коммерциялық хабар тарататын теле-радиоларға бұл заңның қатысы жоқ, тек мемлекеттік арналар аза тұтсын» деп, жалпыға ортақ ауыртпалықты ешкім саудала­маған шығар. Олардың осы мемлекетте тұратын қоғам мүшесі ретінде де арыстай азаматтардың ажалы мен қаралы елдің басындағы ауыр қайғы­ға селт етпегендері қалай? Жүректері ауырып, жандары ашымағаны ма? Қайғыны бөлісудің орнына немкетті қарағаны несі?», - деп жазады мақала авторы.

***

Депрессия қазақтың сөзі емес. Десек те, қазір қазаққа тән ауру болып тұрған сыңайы бар. Біздің түсінігімізде ол - жанның күйзелуі, қайғыға салыну, әлденеге қамығу... Қазақстан «депрессияға ұшыраған» елдер арасында алдыңғы қатарда тұр деседі. Ал осы жан күйзелісінің ең соңғы «нүктесі» - адамдардың өз-өзіне қол салып өлуі деңгейі бойынша, соның ішінде жасөспірімдердің арасындағы суицидтің көптігінен, өкінішке қарай, көштің басында келе жатырмыз. Бұлай кете берсек, қайда барып тоқтарымыз белгісіз. Бұл жайында толығырақ «Алаш айнасы» газетіндегі «Депрессияға қарсы ұлттық бағдарлама керек» атты мақалада жазылған.


***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» басылымы. Кездесу барысында министр Мемлекет басшысына еліміздің аграрлық саладағы жұмысының 2012 жылғы қорытындылары және оны одан әрі дамытудың 2020 жылға дейінгі негізгі бағыттары туралы баяндады. «Мемлекет ауыл шаруашы­лы­ғына жан-жақты қолдау көр­се­тіп келеді. Қаржыландыру жыл сайын өсіп отыр. Еліміз­дің агроөнеркәсібінің негізгі мақ­саты - ішкі нарықты өзі­міз­дің азық-түлікпен және отандық өнімдермен 80 пайызға дейін қамтамасыз ету. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласын дамытудың алдағы кезге ар­нал­ған бағдарламасы әзірленген. Бұл салада ауқымды жұмыстар күтіп тұр», - деді Президент.