Азамат Әмрин: Жаңа Салық кодексі бизнеске жаңа парақтан бастауға мүмкіндік береді

Фото: Экономика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың, мәслихат депутаттарының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысты.

Талқылаудың басты тақырыбы – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңартылған Салық кодексі және оның кәсіпкерлікке әсері болды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, жаңа құжат салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетеді: есептілік көлемі 30%-ға, салықтар саны 20%-ға қысқарады. Сонымен қатар бірыңғай жер салығы жойылып, артық төлемдер мен жеңілдіктер оңтайландырылады.

– Арнайы салық режимдерінің саны үшеу ғана қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация негізінде және фермерлік шаруашылықтар үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар салықты мобильдік қосымша арқылы есептеп, төлей алады, – деді Әмрин.

Ол сондай-ақ, 44 қызмет түрі бойынша тыйым салынған қызметтердің жаңартылған тізімі дайындалғанын атап өтті. Тізімге алкоголь мен қару-жарақ өндірісі, акцизделетін және қаржы секторы сияқты бағыттар кірді.

– 2026 жылдан бастап салықтық әкімшілендіру кәсіпкерлерге “жаңа парақтан бастауға” мүмкіндік береді. Микробизнес үшін тексеру мен салық жүктемесі азаяды. Біздің басты мақсатымыз – бизнеске қолайлы жағдай жасау және оның дамуын ынталандыру, – деді Азамат Әмрин.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өз кезегінде 1,9 миллион салық төлеуші арнайы режимде жұмыс істеу мүмкіндігін сақтайтынын айтты.

– Бұрын кәсіпкерлер жалпы режимге көшуден қорқатын. Енді бұл мәселе шешілді, арнайы режим аясында өзара есеп айырысу кезінде шектеулер болмайды, – деді Біржанов.

Оның мәліметінше, салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне қарай санаттау алынып тасталды, ал есептілік нысандары 30%-ға қысқартылды. Егер декларация уақытында тапсырылмаса, ол нөлдік көрсеткішпен берілді деп есептеледі.

– Әкімшілендіру рәсімдері қайта қаралды. Микро және шағын бизнес үшін негізгі қарыз өтелген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл жаңа кодекстің басты мақсаты – бизнестің дамуын тежеу емес, оны ынталандыру, – деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, 2026 жылы банктер Қаржы министрлігінің құнды қағаздарынан түскен кірістен салық төлей бастайды.