Азамат Әмрин: Жаңа Салық кодексі бюджет түсімдерін 3-3,5 трлн теңгеге арттыруы мүмкін

Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Салық кодексі бюджеті кірістерін қаншалықты арттыратынын айтты.

- Алдағы үш жылдың болжамына келсек, шынымен де бюджетті қалыптастыру процесі басталып кетті. Біз шығындар лимитін айқындадық. Ал бюджет кірісі макроэкономикалық параметрлер негізінде қалыптасатынын білесіздер. Оған 2024 жыл мен биылғы көрсеткіштер негіз болуы шарт.

Қосымша түсуі мүмкін түсімдерге келсек, жаңа салық кодексіндегі жаңашылдықтардың бәрі есептер кезінде ескеріледі. Алдын ала дерек бойынша, жыл сайын 3-3,5 трлн теңге болады, - деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, биыл кейінгі 12 жылда алғаш рет 5 айда ЖІӨ өсімі 6 пайыз болып отыр.

- Тіпті геосаяси факторлардың салдарынан туындаған мұнай мен шикізат бағасының құбылуына қарамастан, өсім қарқынын сақтау мүмкіндік бар. 7 айдың қорытындысы шыққаннан кейін, қыркүйекте нақты есепті көре аласыздар, - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.