Азамат Бейісбеков: Жапония – маңызды әрі сенімді серіктесіміз
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков Жапонияның экономикалық серіктес ел ретіндегі маңызды рөліне тоқталды.
«Құрметті Джун Ямада мырза, сіздің алдыңызда ерекше сезімде тұрмын. Ұлы Мәртебелі Императорға және Жапония халқына шын жүректен жылы лебізімді білдіремін. Екі ел ынтымақтастығының қазіргі және болашақ берік негізі ол – бірегей тарихи байланыс. Соңғы уақытта Қазақстан мен Жапония арасындағы саяси және экономикалық байланыстың айтарлықтай нығайғанын байқадық. Бұл екі халық арасындағы терең түсіністік мен құрметтің белгісі», - деді Азамат Бейісбеков Астанада Жапонияның 126-ы Ұлы Мәртебелі Императоры Нарухитоның 64 жасқа толған туған күніне орай өткен салтанатты шарада.
Сондай-ақ, вице-министр өткен жыл Қазақстан мен Жапония үшін жоғары деңгейдегі маңызды кездесулерге толы болғанын айтты.
«Соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі VIII үкіметаралық комиссия отырысын атап өтуге болады. Бұл екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудегі ортақ мүдде. Себебі аталған іс-шаралар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және нығайтуға деген ұмтылыс жолындағы маңызды қадам. Жапония – біздің құнды және сенімді серіктесіміз. Екі ел арасындағы ортақ құндылықтар мен мәдени байланыстар сенімге негізделген. Осы орайда біздің қарым-қатынастың одан әрі нығайып, дами түсетініне сенімдімін», - дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстандағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада екі елдің экономика, бизнес және экология саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткені туралы мәлімдеген еді.