Азамат Есқараев шетелден ақша алатын адамдардың деректері жария болуына қатысты пікір білдірді

Әділет министрі Азамат Есқараев Мемлекеттік кірістер комитетінің шетелден ақша алатын адамдардың ЖСН нөмірін жария етуіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: из открытых источников

«Мемлекеттік кірістер комитетінің іс-әрекетіне баға беруге өкілетті емеспін. Бір білерім, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, шетелдік мемлекет тарапынан қаржы алатын тұлғаларға қатысты ақпарат жинау тиісті жұмыс аясында жүргізіледі», - деді Азамат Есқараев заң жобалау қызметі мәселелері бойынша кеңестен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, еліміздің заңнамасына сәйкес, шетелдік мемлекет тарапынан қаржы алатын тұлғалар салық органдарына тиісті есеп беруі тиіс.

«Яғни, біздің заңнамамызда бұл нақты әрі ашық жазылған», - деді Әділет министрі.

Айта кетейік, кеше мемлекеттік кірістер комитеті биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін жариялаған еді.