Азаматша 8 мың теңге қарызы үшін зейнеткер кейуананы ұрып өлтірді

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ақмола облысында 37 жастағы әйел 8 мың теңге қарызы үшін зейнеткер кейуананы ұрып өлтірді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Зейнеткердің зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті қазан айының бас кезінде, өз үйінде табылған болатын. Пайдақұмарлық мақсатта адам өлтіргені үшін жәбірленушінің ауылдасы 37 жастағы әйел адам ұсталды.

Күдікті жәбірленушіден бұрын қарызға 8 мың теңге алғаны анықталды. Қарызын уақытында қайтара алмаған ол жәбірленушінің үйінде қонақта отырып, ұрыс-керіс кезінде оны соққыға жыққан. Алған дене жарақаттарынан кейуана сол жерде тіл тартпастан көз жұмған. Қазіргі уақытта аса ауыр қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғалды.