Бұл туралы бүгін Алматы облысының Талғар қаласы маңында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясы ғимаратында «Процессуалдық заңнаманы жаңғырту - сот төрелігі мен құқық қорғау қызметі тиімділігінің кепілі» тақырыбында өтіп жатқан Халықаралық конференция барысында ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ұлболсын Сүлейменова мәлім етті.
«Азаматтар бұдан былай сотқа тек қана хат жүзінде емес, электронды форматта да жүгіне алады. Қазір елімізде бұл жүйенің барлық деңгейде таныстырылымы өтіп жатыр. Электронды сот төрелігі жүйесін дамыту мықтап қолға алынды. Қазір соттың хабарламалары талап арыз беруші мен жауап берушіге электронды форматта жеткізіледі. Бұрындары тараптардың бірі: «Маған хабарлама келген жоқ», - деп, сотқа келмей қалатын. Қазір олай емес. Қазір тараптарға арнайы электронды сот кабинетіне ену үшін электронды кілт беріледі. Соның арқасында тараптар сот үдерісін толығымен бақылай алады», - деді жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексін әзірлеушілердің бірі, ҚР Жоғарғы сотының судьясы Ұлболсын Сүлейменова.
Айта кетелік, конференция жұмысы үш сессия аясында өтіп жатыр.
Бірінші сессияда инвестициялық даулар бойынша сот істерін жүргізу ерекшеліктері, инвесторлардың қатысуымен дауларды қарау мәселелері талқыланды. Қазір екінші сессияда электронды сот төрелігінің қазіргі және келешектегі даму үрдістері, сот төрелігіне қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету, сот ісін жүргізудің ашықтығы секілді мәселелер қаралып жатыр. Ал үшінші сессия шеңберінде Азматтық процессуалдық кодексті іске асыру тұрғысындағы азаматтық процестің қағидаттары, шет елдердегі сот актілерін қарау тәжірибесі және басқа да өзекті мәселелер сараланады.
Конференция жұмысы ертең де жалғасады.