Азаматтар ҮЕҰ қызметіне қатысты қажетті ақпаратты жылдам алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ҮЕҰ дерекқоры - infonpo.kz интернет-порталы іске қосылды. Енді, жыл сайын 31 наурызға дейін еліміздегі барлық қоғамдық ұйымдар өз қызметі туралы ақпарат ұсынуға міндетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкіметтік емес ұйымдардың ашықтығын және қоғам алдында ҮЕҰ-дың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың деректер базасы құрылған болатын. ҮЕҰ дерекқоры арқылы азаматтар оның қызметіне қатысты қажетті ақпаратты ала алады. Өз кезегінде олар бір-бірімен ақпарат алмасып, сенімді серіктестер  таба алады. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында 3 мыңдай қазақстандық және шетелдік ұйымдардардың тәжірибелері туралы ақпарат көрсетілген. ҮЕҰ дерекқоры үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және олардың жұмысымен халықты ақпараттандыру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік келісімшарттарды орналастыру, гранттар беру және сыйлықақыларды тағайындау шеңберінде пайдалану үшін құрылған ақпараттық дерекқор болып табылады», - деп атап өтілген Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мәліметінде.

Атап айтқанда, ҮЕҰ деректер базасындағы ақпараттар жыл сайын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетіне жыл сайын наурыз айының 31-не дейін ұсынылуы тиіс.

Ақпарат келесідей екі жолмен ұсынылады: ҮЕҰ дерекқорының интернет-порталы арқылы (infonpo.kz),  поштамен немесе қағаз және электронды түрде.

Интернет-портал арқылы ақпарат беру тұтастай жұмыс процесін  жеңілдетеді, есепті толтырудың дұрыстығына ықпал етеді және пошта қызметіне ақы төлеу шығындарын есептемейді.

Айта кету керек, интернет-порталға ХҚКО-дан (Халыққа ықзмет көрсету орталықтары) алынған ұйымның  ЭСҚ (Электронды сандық қолтаңба) кілті  арқылы тіркелуге болады.

Дерекқорға ақпаратты  ұсынбау, уақытында бермеу, сондай-ақ жалған немесе дұрыс емес ақпарат берген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту  қарастырылған. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 489-1-бабына сәйкес,  құқық бұзушылық орын алған жағдайда  ескерту жасалады, ал қайталанатын болса 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе заң бұзушылық жасаған ұйымның қызметі үш ай мерзімге тоқтатылады. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 19 680 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 13 879-ы қазіргі уақытта өз қызметін белсенді жүзеге асыруда.