Азаматтар ұстанатын құндылықтарды Конституцияға жаздық — Үнзила Шапақ

АСТАНА. KAZINFORM — Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жаңа Конституция өмірдегі барлық қарым-қатынасты реттеу нормаларын қамтитынын айтты.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

— Судьялар соттың шешімін, үкімін шығарғанда, Конституцияның қай нормасын қолданып отырғанына сілтеме жасауы керек. Себебі, жаңа Конституция біздің өміріміздегі барлық қарым-қатынасты реттеуге бағытталған, — деді ол.

Сонымен бірге, жаңа Ата заңда ұлттық, дәстүрлі және Қазақстан халқы ұстанатын құндылықтар жазылған.

Фото: Видеодан скрин

— Заман құбылмалы болып тұр. Құбылмалы заманда құндылықтар да құбылмалы болып отыр. Біздің қоғамды ылғи да «Неге құндылық жоқ? Неге идеологиямыз дұрыс емес?» деген сұрақтар туындайды. Біз 30 жылда қалыптасқан ұғымдардың барлығын жүйелеп, қазіргі заманға сай келетін, азаматтар ұстанатын құндылықтарды Конституцияға жаздық. Оның ішінде ұлттық, дәстүрлі құндылықтармен бірге, біртұтас Қазақстан халқының құндылықтары да бар, — деді Үнзила Шапақ.

Одан бөлек, азаматтар өз құқығын қорғай алуы үшін Конституцияның мәнін түсінуі шарт.

— Басты құқықтарымыз бен бостандықтарымыз нақты жазылды. Әр бапта солардың қорғалу механизмдері қамтылды. Сондықтан судья да, прокурор да, адвокат та, қарапайым азамат та Конституцияда қорғалатын басты құндылық оның құқығы екенін біліп, түсінуі керек, — деді заң ғылымдарының докторы.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция халық билігін күшейтетінін жазғанбыз.