Азаматтардың аударымдарына салық салынбайды — ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі азаматтардың банктік аударымдарына қосылған құн салығына салық салу туралы ақпараттың таралуына байланысты түсініктеме берді.

Коллаж: Kazinform

— Бұл ретте банктер өз қызметтері үшін клиенттерден алатын комиссияларға салық салу (ҚҚС) жөнінде айтып отырмыз. Мысалы, картаны шығару үшін немесе аударымдар үшін банк алатын комиссиялар. Жаңа Салық кодексінің жобасында екінші деңгейдегі банктердің қаржылық операцияларына қолданыстағы жеңілдікті жою жөніндегі норма ұсынылады. Азаматтар жүзеге асыратын аударымдардың өзіне салық салынбайды. Егер бір банктің ішіндегі ақша аударымдары комиссиясыз жүзеге асырылса, тиісінше мұндай жағдайларда салық салынбайды, — деп түсіндірді министрлік.

Еске сала кетейік, жаңа Салық кодексінің жобасы қазір талқылау сатысында тұр. Ұсынылған нормалар Парламентте, бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен талқылануда. Кодекстің соңғы жобасы 2025 жылы қабылданады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Онда жаңа салық кодексі талқыланды. Шара барысында депутат Айдос Сарым салық төлеу, оны төлемеуден арзан болуы керек екенін алға тартты.