Азаматтардың кейбір ұсыныстарын Конституция жобасына қосуға болады — Бақыт Нұрмұханов

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні бойынша атқарылып жатқан жұмыс оның орыс тіліндегі мәтініне елеулі және оң ықпал етіп отыр. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.

— Жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап Конституциялық комиссияға түрлі арналар арқылы 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Азаматтар, ғылыми қауымдастық өкілдері, құқықтанушылар мен үкіметтік емес ұйымдар конституциялық ережелерге айрықша көңіл бөліп отыр. Олар болашақ Конституция жобасына бүкілхалықтық талқылау аясында жоғары белсенділік танытып отыр. Конституциялық комиссия әрбір ұсынысты, пікір мен ескертуді мұқият зерделеуде. Талдау нәтижелері көрсеткендей, олардың кейбіреулерін жобаға енгізуге болады, — деді ол.

Оның айтуынша, келіп түскен ұсыныстар баптардың мазмұнын толықтырады, кепілдерді күшейтеді. Құқықтық нормаларын, тұжырымдарын жетілдіреді әрі құқықтық айқындық пен нақтылық деңгейін арттырады.

— Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні бойынша атқарылып жатқан жұмыс оның орыс тіліндегі мәтініне елеулі және оң ықпал етіп отырғанын ерекше атап өткім келеді. Нәтижесінде жекелеген ережелелердің редакциялары қайта құрылымдалып, нақтыланып жатыр, — деді Бақыт Нұрмұханов.