Оның айтуынша, кез-келген азамат өзінің тұрып жатқан елінің конституциясын білу керек, ол өз құқықтарын қорғай білуіне де септігін тигізеді. «Жалпы жұртшылыққа еліміздің Ата заңын тым болмағанда жылына бір рет оқуды ұсынар едім. Мәселен, американдықтар бірдеңе бола қалса «сіз менің конситутциялық құқығымды бұздыңыз» деп заңда көрсетілген тармақтарды алға тартып жатады. Ал бізде конституциялық тармақтарды қойып, оның мазмұнын біле бермейміз», -дейді С.Сартаев.
Сонымен қатар жиын барысында қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде қызмет атқармай жатқандығы сөз болды. "Конституциямызда қазақ тілі мемлекеттік, ал орыс тілі ұлт-аралық қатынастың құралы деп бекіттік. Оның себебі өз мемлекетімізде соңғы кезге дейін халық саны жағынан аз болдық Бір кездері республикада қазақтардың саны 38 пайызға дейін азайып кеткен еді. Ал қазір 72 пайызға жетіп қалдық. Қазақтың саны өсіп, 75 пайызға жетпейінше барлық жерде істі қазақ тілінде жүргізу мүмкін емес", -деп атап өтті өз сөзінде С.Сартаев.
Заңгер елдегі әр отбасыда кемінде 4 баладан болмаса, қазақтың санын арттыру қиындау екендігін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы кездегі қазақтардың көбеюі сырттан келген қандастарымыздың үлесінде екен.
Сондай-ақ бұл алқалы жиын барысында оқырмандардың назарына «Конституция - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты безендірілген ауқымды кітап көрмесі ұсынылды. 1500-ден аса әдебиеттер қойылған көрмеде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптар (Қазақтың ата заңдары. Алматы, 2006) ерекше қызығушылық танытады. Көрмеде қазақ халқы үшін ортақ заңдастыру тарихи кезеңі туралы материалдар жинақталған, мемлекеттік құрылымды және қазақтардың феодалдық құқықтарын бекітетін Тәуке Ханның (ХVII ғасырдың екінші жартысы) «Жеті жарғы» заңдар жинағы негізгі заң болды. (Созақбаев С. «Тәуке Хан. Жеті жарғы» - Алматы. 1995). Сондай-ақ көрмеден Сартаев С. «Қазақстан Республикасы Конституциясының қалыптасуы» - Алматы, 2005, тағы басқа көптеген материалдар орын алды.
Дөңгелек үстел барысында Салық Зиманұлы Зимановтың туғанына 90 жыл толуына арналған библиографиялық көрсеткіштің тұсаукесері де ұсынылды.