Азаматтардың құқық жөніндегі сауалдарына жауап беретін «Әділет кеңес береді» республикалық акциясы өтуде

None
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Азаматтарға консультация беру және көптеген құқықтық сұрақтарына жауап беру мақсатында Әділет министрлігі ағымдағы жылғы маусымның 21-і мен 25-і аралығында «Әділет кеңес береді» республикалық акциясын өткізуде.

Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.

Аталмыш шара аясында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әділет департаменттерінің, «Нұр Отан» ХДП өкілдері, адвокаттар мен нотариустар өтініш білдірген барлық азаматтарға, заңды тұлға өкілдеріне құқықтық көмек көрсетіп, консультациялар береді, заңнама нормасын түсіндіретін болады.

«Акция барысында республика бойынша 18 халықпен кездесу, 66 кәсіпорын, мекемелерге бару және 30 Халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтармен жүздесу ұйымдастырылады. Азаматтар құқықтық сипаттағы сұрақтарға, атап айтқанда құжаттық қамтамасыз ету, жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу, техникалық паспорт алу, мәмілелерді нотариаттық куәландыру секілді басқа да көптеген мәселелер бойынша білікті заңгерлер мен адвокаттардан жауап ала алады. Акцияға қатысушылардың құрамы, оның өтетін күні мен орны, уақыты туралы мәліметтер Әділет министрлігінің www.minjust.kz сайтында кестеде орналастырылған», деді Е. Ерімбет.