Азаматтардың жеке бизнесіне кедергі келтірген 47 адам жауапқа тартылды – Антикор

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлердің ісіне кедергі келтірген 47 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бизнесті қорғау мәселенің маңыздылығын ескере отырып, агенттік жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. Ол кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүзеге асырудамыз. Біз бизнеспен күнделікті кездесулер өткіземіз және олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің кедергі келтіретінін анықтаймыз. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 7,2 мың кәсіпкермен кездестік, олардан 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта олардың 242-і қанағаттандырылды. Қалғандары бойынша жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралармен сыбайлас жемқорлық факторлары жойылып, 6 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді», - деп мәлім етті Саян Ахметжанов.

Оның айтуынша, анықталған фактілер бойынша 47 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.