Азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылықты болдырмауға бағытталған заң жобасы сөз бостандығын шектемейді - М. Тінекеев

АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған заң жобасы мемлекет азаматтарының жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасының құпиясы болуы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуы сияқты шараларды қабылдауға бағытталады.

 Атап айтқанда, Конституцияда көрсетілген сондай бапты іске асыру бойынша қосымша заң деңгейінде шаралар қабылдау көзделіп отыр. Бұл ретте азаматтардың жеке өмірінің, отбасының құпиясын, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің және тағы басқаларының құпиялылығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қарастырылады.

Комитет отырысында құжатты екінші оқылымда талқылау барысында депутат Рамазан Сәрпеков әріптестері тарапынан нақтылау сипатында түзетулер ұсынылғанын атап өтті. Ондай түзетулер жобаны әзірлеуші тараптан да қолдау тапқан. Ал депутат Мұхтар Тінекеев жобаға қатысты өз ойын білдіре келе, аталған құжаттың сөз бостандығын шектеуге бағытталмағандығын атап өтті. «Шындығында, бірқатар БАҚ өкілдері заң жобасын сөз бостандығына қарсы бағытталған деп санайды, бұл олай емес. Құжатта Ата заңымызда көрсетілген бапты жүзеге асырып, Қазақстан азаматтарының жеке өмірлеріне қол сұғылмаушылыққа қатысты құқықтары қамтамасыз етілетін болады», деді депутат.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына екінші оқылымға шығарылады.