Азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғауға арналған заң қабылданды

АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң мемлекет азаматтарының жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасының құпиясы болуы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуы сияқты шараларды қабылдауға бағытталады.

Атап айтқанда, Конституцияда көрсетілген сондай бапты іске асыру бойынша қосымша заң деңгейінде шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл ретте азаматтардың жеке өмірінің, отбасының құпиясын, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің және тағы басқаларының құпиялылығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қарастырылады.

Бұдан басқа, заң арқылы жедел іздестіру материалдарын бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу де қарастырылып отыр. Сонымен бірге, жедел іздестіру қызметінің қызметкерлері үшін жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қозғайтын мәліметтерді жариялауға қатысты шектеулер аясы кеңейтіледі. Сонымен бірге, заңда жедел іздестіру шараларының заңдылығын, оның ішінде телекоммуникация желілері мен пошталық байланыс арналарындағы заңдылықты қадағалау кезінде прокурордың өкілеттігін нақтылау нормасы да қамтылған.

Құжат Елбасының қол қоюына жіберіледі.