Азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық мәселесіне қатысты заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

А. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған заң жобасы мемлекет азаматтарының жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасының құпиясы болуы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуы сияқты шараларды қабылдауға бағытталады.

Атап айтқанда, Конституцияда көрсетілген сондай бапты іске асыру бойынша қосымша заң деңгейінде шаралар қабылдау көзделіп отыр. Бұл ретте азаматтардың жеке өмірінің, отбасының құпиясын, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің және тағы басқаларының құпиялылығын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту қарастырылады.

Жиында құжатты екінші оқылымда талқылау барысында депутат Рамазан Сәрпеков әріптестері тарапынан нақтылау сипатында бірқатар түзетулер ұсынылғанын атап өтті. Нақтылау сипатындағы осындай түзетулер жобаны әзірлеуші тараптан да қолдау тапқан.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.