Азаматтарымыз сыртқы ақпараттық кеңістіктің ықпалына түсіп қалып жатыр - Нұртөре Жүсіп

АСТАНА. ҚазАқпарат – Геосаяси жағдай шиеленіскен қазіргі уақытта идеологиялық шебімізді нығайту маңызды. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Президенті өзінің «Жаңа қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыруға және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Өздеріңізге белгілі, геосаяси шиеленіскен қазіргі уақытта иделогиялық шебімізді нығайту маңызды болып отыр. Ақпараттық кеңістікте әр тараптан ашық, ішкі - сыртқы мәселелерге қатысты түрлі ақпараттар еркін тарап жатыр. Азаматтарымыз (әсересе шекаралық өңірлердегі) сыртқы ақпараттық кеңістіктің ықпалына түсіп қалып жатқан жағдайлар да бар», - деді Н. Жүсіп Сенатта «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастырудағы орны» тақырыбында өткен жиында.

Осы орайда ол 2021 жылы «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбында, 2022 жылы «Жастар және жаңғыру» тақырыбында кең көлемде парламенттік тыңдау өткенін еске салды.

«Сол парламенттік тыңдаулардың нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға жолданған ұсынымның ішінде осы ұлттық идеологияны нығайту бағытында бірқатар тапсырма болды. Бүгін де осы бағытта еліміздегі ақпараттық идеологияны күшейту, оның тиімділігін арттыру бойынша жаңаша ұсыныстарды қарастыру маңызды деп білеміз», - деді Нұртөре Жүсіп.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ақпараттық иммунитетті күшейту жайында айтып берді.

«Көптеген ережелерді өзгертеміз. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру тетіктері өзгереді, яғни субсидиялау, грант беру ескеріледі. Атап айтқанда, ақпараттық иммунитетімізді күшейтуді жоспарлап отырмыз. Отандық кабельдік жүйеге грант бөлу сияқты жобалар таяу арада жүзеге асады», - деді Д. Қыдырәлі.

Сонымен қатар министр ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.

«Ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында тиісті іс-қимыл ескерілген. Бұл бағытта күн сайын мониторинг жүргіземіз. Осы орайда қауіпті ақпараттар сот үкімімен бұғатталады немесе заңнама аясында тосқауыл қойылады. Мұнымен қоса, бұл процесте сарапшылардың жұмысы қамтылған. Бұдан бөлек, шекаралық өңірлерге тоқталсақ, бұл бағытта да ішкі иммунитетті нығайту маңызды. Бұл тұрғыда мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейтіледі», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда Д. Қыдырәлі Қазақстан аумағында басқа елдердің саясатын насихаттауға жол бермеу қадағалауда тұрғанын айтты.