Заң жобасы Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталған. Заң жобасында 4 кодекске және 17 заңға түзету енгізу ескерілген.
«Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қарастырылған. Оның ішінде басқа жерге көшуге байланысты қызметкерлерді ауыстыру және қызмет бабында ілгерілету кезінде көтерме жәрдемақылар төлеуді жүзеге асыру, өз мүлкін тасымалдағаны үшін шығындарды өтеу, жауынгерлік іс-қимылдарға ұқсас жағдайлардағы жұмысы үшін үстемеақы төлеу ескерілген. Жауынгерлік іс-қимылдарға тоқталсақ, бізде жұмыстың күшейтілген тәртібі енгізіліп жатады. Сол кезде мамандар тәулік бойы қызметінде болады. Осындай жағдайларда үстемақы төленеді», - деді Б. Сыздықов.
Сонымен қатар, құжат аясында адамдар көп жиналатын нысандарды және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау бойынша Төтенше жағдайлар министрлігіне бұрынғы құзыретін қайтару ұсынылған. Бұл ретте өрт саласындағы бақылау назарға алынады.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше мән берілген. Өндірістік жағынан қауіпті нысандардағы техникалық директордан бөлек басқа да басшылардың Төтенше жағдайлар министрлігінде емтихан тапсыруын ұсынып отырмыз. Неге? Себебі техникалық бағыттағы басшысы еңбек демалысына, іссапарға кеткен кезде, оның міндеттерін басқа басшылар атқарады. Сондықтан барша басшылық құрам қауіпсіздік жағдайына жіті назар аударуы үшін білімін жетілдіріп, емтихан тапсыруы тиіс. Атап айтқанда, жыл сайын қауіпті өндірістік нысандардағы техникалық жабдықтар ескіріп жатыр және оны ауыстыруда кемшіліктер баршылық. Бұл тұрғыда, құралдарды жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын Төтенше жағдайлар министрлігімен келісу міндетін енгізіп отырмыз», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, құжатта туристердің, экскурсанттардың, туристік қызметті жүзеге асыратын адамдардың, еліміз аумағында тұрақты тұратын азаматтар мен адамдардың ТЖМ аумақтық органдарын алдағы жүріп-тұру маршруттары туралы хабардар етуі жөніндегі міндеттерін енгізу ұсынылды.
«Елімізге келген туристер таулы жерлерге барған кезде, жоғалып жатады. Сондықтан туристік мекемелер Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне олардың жүретін жолдары мен бағдары жайында мәлімет беруі керек. Заң күшіне енсе, туристер өзімен бірген GPS трекер алып жүруі керек. Бұл өз кезегінде тауға шыққан адамдарды тез арада құтқаруға мүмкіндік береді», - деді Бауыржан Сыздықов.
Сонымен қатар, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды белгілеуге, оның ішінде сейсмикалық қауіптілік пен тәуекелді бағалауға, жер сілкінісінен қорғау жөніндегі іс-шараларды белгілеуге азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі құзыретті беру қарастырылған.