Азаматтық қорғау саласы бойынша 8 мыңнан астам адам білім алды - ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM - Жыл басынан бері Қазақстан Төтенше жағдайлар жүйесінде азаматтық қорғау мәселелері бойынша 8 362 тыңдаушы оқытудан өтті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Халықты, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін даярлау жұмыстарын Азаматтық қорғаныс ұлттық орталығы және ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

Азаматтық қорғаныс ұлттық орталығында 938 тыңдаушы оқытудан өтті. Олардың қатарында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Оқу барысында қатысушылар азаматтық қорғаудың негіздерін, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін меңгерді.

ТЖД бөлімшелері 7 424 адамды оқытты. Қауіпсіздік саласындағы еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жыл басынан бері 549 ерікті дайындықтан өтіп, профилактикалық іс-шараларды өткізуге қолдау көрсетіп, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру жұмыстарына қатысып жатыр.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Халық пен мамандарды оқыту – төтенше жағдайлар жағдайында іс-қимыл жасауға дайындық деңгейін арттыруға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған ТЖМ қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Осыған дейін хабарлағанаымыздай, ТЖМ құтқарушылары сейсмикалық қауіптер бойынша халықаралық жаттығуға аттанды.